Арал қаласындағы коммуналдық базар қайта жаңғыртылуда
Арал қаласындағы Қызылорда көшесінде орналасқан коммуналдық базар мемлекеттік сатып алу тәртібіне сәйкес ашық конкурс нәтижесімен жеке кәсіпкер Мамитанова Ләйләнің иелігіне 1 жыл мерзімге жалға берілген болатын. Шарт бойынша кәсіпкердің жұмыс нәтижесіне байланысты жалға беру мерзімін ұзарту жағдайы қарастырылған.
Қазіргі таңда базар ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов коммуналдық базарға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып шықты. Жеке кәсіпкер аудан басшысына алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарларын түсіндіріп өтті.
Аталған нысанды аралап шыққан аудан әкімі тұрғындардың күнделікті тұрмыста тұтынатын заттары саудаланатын орталықтың маңыздылығына тоқталып, құрылыстың сапалы жүргізілуі мен ғимаратқа жылу берілуі, өрт қауіпсіздігінің және тазалықтың сақталуы басты назарда болуы қажеттігін айтты. Сонымен қатар, базар маңындағы такси тұрағын реттеу бойынша және көтерме сауда орындары мен дүкендердің маңдайша жазуларын жаңарту жөнінде жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді.
Бүгінде аталған нысанның сыртқы беті қапталып, төбе жабындысы жаңартылып, ішіне жылу батареялары орналастырылған. Тұрақты түрде жылу берілуі үшін көгілдір газ жүйесіне қосылған.
Жеке кәсіпкердің айтуы бойынша алдағы уақытта сауда орталығы барлық санитарлық, өрт қауіпсіздігінің талаптарына сәйкестендіріліп, қажетті электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Базар ішіне біркелкі сөрелер қойылып, азық-түлік және ет, сүт өнімдері бөлек ғимаратта орналастырылады. Сатушыларға заманауи талапқа сай барлық қолайлы жағдай жасалып, өнімдердің сақталуы үшін тоңазытқыштар мен қажетті құрылғылар және бейнебақылау камералары орнатылады.
Сонымен қатар, ғимараттың сыртындағы жабайы сауда қатарларын болдырмау мақсатында арнайы бутиктер салынады.
Ал коммуналдық базар аумағындағы екі қабатты ғимарат қайта жаңартылып, әлеуметтік дүкен болып ашылады деп жоспарлануда.
Атап өтейік, сауда қатарларындағы сатушылардан жиналатын арендалық төлемдер аудан бюджетіне түсетін болады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі