Аралдықтар Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесін лайықты атап өтті
Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Халқымызға ғасырлар бойы арман болған Тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бұл бақыт – күллі қазақ жұртының ең басты байлығы, қастерлі құндылығы.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіз елім- Қазақстаным» атты мерекелік концерт өтті.
Қазақ елінің егемендікке жету жолындағы тарихынан сыр шертетін қойылыммен шымылдығын түрген шарада алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Гимн орындалды. Мұнан соң аудан әкімі Серік Сермағамбетов көпшілікті Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.
– Сіздерді еліміз үшін ең қастерлі де қасиетті мереке – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты Тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», - деп атап өткен болатын. Ендеше, қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін бағалау жолында бәріміз жұмыла еңбек етуіміз қажет», – деген аудан басшысы Тәуелсіздік алған 30 жылдан бергі даму белестеріне қадам басқан аудандағы жасампаз жұмыстарға, өңірде жүзеге асқан толымды тірліктер мен нәтижелі көрсеткіштерге тоқталып, көпшілікке ақжарма лебізін білдірді.
Мерекелік құттықтаудан кейін ауданымызда жемісті еңбек еткен түрлі сала ардагерлері мен қызметкерлерге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік төсбелгісі табысталды. Одан соң жылдағы дәстүрге сәйкес ауданның әлеуметтік- экономикалық, мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Арал ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет жолындағы елелулі еңбектері үшін түрлі сала үздіктері облыс әкімінің «Алғыс хатын» иеленіп, марапат тұғырынан көрінді.
Ел Тәуелсіздігі ұлықталған айтулы шарада аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, көрермен қауымды күмбірлеген күйге бөледі. Рухани қазынамызды биік дейгейге көтерген салтанатты шарадан көрермен қауым ерекше көңіл-күймен тарасты.
"Толқын" ақпарат