Аудан әкімі жеке қабылдау өткізді
Қабылдауға бірінші болып келген тұрғын спорт академиясын бітірген, бірнеше жетістіктерге жеткен інісіне Шөмішкөл елді мекенінен спорт үйірмесін ашуға ниетті екендігін білдірді.
Әмбебап жекпе-жек спортына ауыл балаларын дайындауды мақсат еткен тұрғынның ұсынысын тыңдаған аудан басшысы жауапты сала басшыларына бұл мәселе бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Атап айтар болсақ, Шөмішкөл елді мекеніндегі мектеп ғимаратынан спорт үйірмесіне қажетті зал қарастыру, мұндай мүмкіндік болған жағдайда облыстық білім басқармасына өтінім жолдау және мұнымен шектеліп қоймай, Арал қаласынан да спорт үйірмесін ашу мүмкіндіктерін қарастыру жүктелді.
Мұнан кейін Аққұм ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Шижаға елді мекенін көгілдір отынмен қамту, балабақша, дене шынықтыру кешені қажеттігі және ескі амбулатория ғимаратына баспанаға мұқтаж отбасыларды орналастыру мәселелерімен және қуаңшылық жағдайына байланысты атқарылған жұмыстар бойынша жүгінді.
Аудан басшысы алдымен өңірдегі қуаңшылық салдарын жою бағытында атқарылған жұмыстарды түсіндіріп өтіп, елді мекенге көгілдір отын жеткізу, балабақша, дене шынықтыру және сауықтыру салу жоспарда бар екендігін айтып, тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал ескі амбулатория ғимаратының жарамдылығы жөнінде тиісті орындардан сараптама қорытындысына сәйкес шешім қабылданатынын айтты.
Мұнан кейін қабылдауға аудан орталығынан оңалту орталығын ашқысы келген қала тұрғыны құрылғылар алу үшін қолдау көрсетуді сұрады. Қазіргі таңда жалға ғимарат алып, ісін бастаған тұрғынның алдағы жоспарларын қолдайтындығын білдірген аудан басшысы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі арқылы бизнес жоба дайындау қажеттігін айтты. Жауапты бөлім басшыларына мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант алу мақсатында жоба ұсыну үшін кеңес беруді тапсырды.
Бұдан бөлек тұрғын үй мәселесі бойынша келген тұрғынға да заңдылығына сәйкес шаралар қабылданатындығы түсіндірілді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі