Теміржолшыларға құрмет көрсетілді
Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық. Бұл жайлы қанша айтылса да артық емес. Өйткені талай қиындықты бастан кешкен, қаншама ұрпаққа арман болған азаттыққа қол жеткізген бүгінгі ұрпақтың санасында мәңгілікке жаңғырып тұруға тиісті асқақ мереке бұл. Осыдан 30 жыл бұрын ғана егемендікті еншілеген Қазақстан бүгінде жасампаздықтың жаңа белесіне шығып, әлем елдерімен терезе теңестірген бүгінгі даму деңгейі де сол Тәуелсіздіктің тартуы.
Аталған мерекені ұлықтау мақсатында Сексеуіл кентінде «Тәуелсіз елім – Қазақстаным» атты мерекелік шара өтті. Шараны Сексеуіл локомотив пайдалану депосының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әнұранымен бастады.
Сексеуіл кентінің әкімі Сәкен Төрешов, депо бастығы Жангелдин Төрединов тәуелсіздік кезеңінде елдіктің бірегей үлгісін көрсеткен халқымыздың ортақ жеңісіндегі жеткен жетістіктер мен толағай табыстарға тоқтап, кенттегі бірқатар ілгері істер жайында айтып, алдағы уақытта да табысты жұмыс жалғаса беретінін айта келе, мерекелік кешке жиналған теміржолшыларды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар саланың бірқатар үздіктеріне облыс және аудан әкімінің, "Nur Otan" партиясының Алғыс хаттары табысталды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында елдігіміз бен еркіндігіміздің нығаюына, туын биікте желбіреткен егемен елдің экономикасының артуына адал еңбек етіп келе жатқан аға локомотив қабылдаушы Болатбек Кеңесов «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін алса, депо бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғановқа «Үздік маман» атағы берілді, Сексеуіл локомотив депосының мерекелік медалімен аға машинист нұсқаушы Қамбар Ахметов және тепловоз машинисі Нәжім Сағиев марапатталды. Ал депо кезекшісі Серікбай Наурызбаев пен жылжымалы құрам жөндеушісі Данабай Ахметов "ҚТЖ" Ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы басқармасының Құрмет грамотасын, ТҚК-2 ауысым шебері Ермек Жарасбаев "ҚТЖ" Ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы басқармасының Алғыс хатын алды. Сонымен қатар шарада теміржолшыларға "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табысталды.
Мерекелік шара ән мен күйге ұласып теміржолшыларға керемет көңіл-күй сыйлады.
"Толқын" ақпарат