Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сиыр жылы сыйымен келді, барыс жылы баянды болғай

Сиыр жылы сыйымен келді, барыс жылы баянды болғай

Тағы бір күнтізбені түгестік. Жыл көлеміндегі 365 күннің соңында әр адамның ойында не бітірдік, не тындырлық деген сауал тұрады. Шүкір, бітіргеніміз шаш етектен. Даңғыл жолымызда жоспарлы ісіміз жетіп артылады.
Хош. Өткен жыл есірке, келер жыл жарылқа деп ақжарма тілектің тиегін ағытатын тұста тұрмыз. Жоғарыда бас тақырыпта атап өткеніміздей, сиыр жылы сыйымен келгенін тарқатып жазбасақ та, тілге тиек етпеу кәсіби арымызға сын болар. Өйткені, 2021 жылды тарих қойнауына сүңгітіп отырмыз. Жыл көлемінде тәуелсіздіктің ордалы 30 жылдығын ауданнның айнасына баланған «Толқын» газетінде кеңінен ақпараттандырдық. Әрбір жазбамызда жетістігімізді баяндап, 30 жыл көлеміндегі әр жылдардағы аудан басшыларының еңбегін нақты цифрлармен дәріптедік. Барлық саладағы өркенді істерді айттық, жаздық, көрсеттік. Мұның бәріне мерзімді басылымды қолына алатын патша көңілді оқырмандарымыз куә.
Иә, сиыр жылындағы тағы бір ауыз толтырып айта кетерлік жәйт «Сыр медиа» басшылығы тарапынан ұжым еңбегінің еленуі еді. Нақтырақ тоқталсақ, осынау аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының басын шоғырландырған іргелі құрылымның басшысы Аманжол Оңғарбаев  жүйелі жұмысымызды оң бағалап, жыл қорытындысымен редакция игілігіне су жаңа автокөлік табыс етті. Бұдан бөлек қос бірдей газет редакторы болған ардагерлеріміз Жұмабай Жақып пен Еркін Әбілов «Арал ауданының құрметті азаматы» атанса, қоғамдық тілшіміз Иманбай Әйтімов Қазақстан Журналистер одағының мүшелік куәлігін алды. Баға жетпес тәуелсіздігіміздің аясында «Сыр медиа» ЖШС және аудандық «Толқын» газетінің ұйымдастыруымен өткен белгілі қаламгер, туған жер перзенті Қази Данабаевтың құрметіне жыр мүшәйрасын  қолға алып, рухани шараға ойлы өлеңдерін жолдаған жас ақындар лайықты марапатты иеленді.
         Санаулы сәттерден соң табалдырықтан аттайтын барыс жылында да жоспар көп-ақ. Қоғамның күнгейі мен көлеңкесін ажыратып, ақ пен қараны зерделейтін «Толқын» газетінің бағыты айқын, жолы жарқын. Оған уақытпен үндесіп, тарихпен тілдескен басылымды таңдап, өздеріне серік ететін тұрғындардың көптігі дәлел. Сол жандардың сенімін ақтау – бізге парыз.
         Ендеше, барша оқырман қауымды жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтай келе, әр шаңыраққа шадыман шаттық, бақ-береке тілеймін. Ойға алған арман-мақсаттарыңыз жүзеге асып, қуанышты сәттеріңіз көп болғай.
Абай ЕЛЕШ              
01 қаңтар 2022 ж. 402 0