Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баға бағамы бақылауда

Баға бағамы бақылауда

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары және кент, ауылдық округ әкімдері мен түрлі сала өкілдері қатысты. Осынау басқосуда күн тәртібінде қаралатын мәселелер бойынша жауаптыларды тыңдаған аудан әкімі баға бағамын бақылауда ұстауға айрықша басымдық берді.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жәнібек Жарасұлы сөз алып, азық-түлік тауарлары мен жанар-жағар май бағаларын тұрақтандыру шараларына қатысты хабарлама жасап, аудан басшысының ұдайы назарында тұрған бағаны тұрғындарға қолжетімді ету жайын ортаға салды. Одан бөлек, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ренат Жанаев хабарламашы сөзін онан әрі жалғастырып, қазіргі таңда Үкімет тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлерге өнім түрлерін шектік бағадан асырмау жөніндегі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартты. Аудан әкімі елге қажетті деген өнімдерді қолжетімді ету үшін бар мүмкіндіктерді жасап, ірі кәсіп иелерімен меморандумға отыру жолдарын қарастыруды өткірлеп, әсіресе, нан өнімі көңілге қонымды болуы қажеттігін  қадап айтты.
Бұдан соң жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да тақырыпқа арқау болып, ол жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрбек Шегебаев кеңінен баяндады. Аудандық бас полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда биыл әлдеқайда артқан. Санаға салмақ түсірсе де, атап өтсек өлім көрсеткіші де былтырғыдан көп тіркелген. Темір тұлпар тізгіндегендердің сақтық шараларын ескермеуі салдарынан ауыр жарақат алып, төсекке таңылғандар саны өскен.
Осы және өзге де мәселелерге қатысты аудан әкімі жауапты орынбасарлары мен полиция бөлімінің басшылығына қатаң тапсырма беріп, жүгенсіз жүргізушілерді анықтап, адам тасу қызметін заңсыз атқарып жүрген такси егелеріне қадағалау жасауды жүктеді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай Тасқынбаев жол белгілерін жаңалау жоспарлануда екенін, қалаішілік маршрут жүргізу мәселесі қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолында арлы-берлі ағылған көлік нөпіріне кедергі келтіретін малдарға бақташы ұйымдастыру қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ аудан әкімі аппарат жиынында қаузалған мәселелердің барлығы сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуын талап етті.
«Толқын» ақпарат
25 қаңтар 2022 ж. 390 0