Ақсақалдар алғыс білдірді
Аманөткел ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Ералиев, қоғамдық кеңес төрағасы Қ. Жеткергенов және ауыл ақсақалы Ш. Әбдіраманов арнайы келіп аудан әкімі С. Сермағамбетовпен кездесті. Кездесуде ауыл ардагерлері өңірдегі атқарылған жұмыстар мен оң өзгерістер жөнінде пікірлерін білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Өткен жылы табиғаттың танытқан тосын мінезінен аудан аймағында қуаңшылық орын алып, салдарынан мал өлімі тіркеліп, шаруаларға қиын соққаны мәлім. Өңірдегі ахуал күрделенген уақытта төтенше жағдай жарияланды. Осы орайда облыс әкімі Г. Әбдіқалықова арнайы келіп жағдайды көрген соң, аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сол кезең аманөткелдіктерге де біршама қиындық тудырғанын айтқан ақсақалдар дер кезінде басшылық тарапынан қабылданған шешімдердің нәтижелі жүзеге асырылғанын айтты. Мәселен «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесін суландыру мақсатында «Аспай» суағытқысы іске қосылып, «Бұрмақұлақ» арнасы бөгелді. Нәтижесінде каналдар мен көлдерге су тола бастады. Соның ішінде жағалаудан 400 метрге дейін алыстаған Қамбаш көліне су толып, бұрынғы қалпына жетуіне аз ғана қалды. Бұл атқарылған жұмыстар сол маңдағы жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру үшін жасалған ең тиімді шешім болды. Бұдан бөлек Болат Өтемұратов қорының есебінен көмек ретінде мал ұстап отырған тұрғындарға тегін жем-шөп таратылды. Осы атқарылған жұмыстардың барлығына тоқталып өткен ақсақалдар мал-жанның амандығы үшін халықтың игілігіне бағытталған толымды тірліктерді ұйымдастырушыларға және аудан басшысына барша ауыл тұрғындарының зор алғысын жеткізді.
Өткен жылы әлемді шарпыған пандемия ауданымызды айналып өтпей тұрғындарды әбігерге салғаны белгілі. Қауіпті індеттен сақтану үшін халық енгізілген шектеу шараларын ұстануға мәжбүр болды. Осы орайда ауыл ақсақалдары пандемия салдарынан Аманөткел ауылдық округінің және ауыл мектебінің құрылғанына 100 жылдық мерейтойы кейінге шегерілгенін тілге тиек етті. Алдағы уақытта жағдай тұрақталса ауылдың ғасырлық мерейтойын кең көлемде атап өтуге ниетті екендіктерін білдірді.
Кездесу соңында ардагерлер қыстың соңғы айына да аман-есен жетіп, мал өлімі тіркелмегендігін айтып, алдағы маусымда жауын-шашын мол түсіп, өткен жылдың қиындығы биыл болмасын, жерге көк бітік шығып, шаруалар үшін жайлы жыл болсын деп тілек білдірді. Сонымен қатар өңірдің дамуы мен өсіп өркендеуі жолында, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі