Сыр елі Ұлыстың ұлы күнін сән-салтанатпен қарсы алды
Табиғат ананың бусанып, тіршілік тірілетін жаңару айын сырбойылықтар бар сән-салтанатымен қарсы алды. Орталық алаңда ақшаңқан 18 киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін шаралар, спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, мереке нышаны саналатын наурыз көже әзірленіп, әсерлі ән мен жыр төгілді.
Күн мен түннің теңеліп, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, көктемнің шуақты күндерінен үміт күттіретін Ұлыстың ұлы күнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сырбойылықтарды әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Думанды шарада мәртебелі қонақ болған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова және Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева елмен бірге Наурыз тойын тойлап, Сыр халқына бақ-береке тіледі.
Өңір басшысы алаңда тігілген киіз үйлерге кіріп, қазақы дәстүрмен бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, жыр-термешілердің өнерін көріп, жұртшылықпен бірге Әз-Наурызды қарсы алды.
Мерекеге жиналған тұрғындар да тағамдар мен наурыз көжеден дәм татты.
Думанды шарада Сыр халқын отандық эстрада жұлдызы «Диета.кз» тобы құттықтап, ән шашуын ала келді.
Әрі қарай жергілікті өнерпаздар мерекені думанға бөлеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
syrboyi.kz