Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі «USAID» қорының өкілдерімен кездесті

Аудан әкімі «USAID» қорының өкілдерімен кездесті

Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту үшін белгіленген бірқатар жобаларды жүзеге асыру мақсатында америкалық «USAID» қорының өкілдері ауданда болды.
Аудан әкімі С. Сермағамбетов аталған қор өкілдерімен кездесіп, сапарларына сәттілік тілеп, алдымен өңірдегі оң өзгерістерді айтып өтті.
Өткен жылы Сырдария өзеніндегі су мөлшерінің азаюынан, табиғаттың тосын мінезінен орын алған қуаңшылық жағдайын және оны еңсеру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, каналдарды және су ұңғымаларын қазу сынды жоспарлы жұмыстардың биылғы жылы да жалғасатынын түсіндірді.
Сондай-ақ, ауылшаруашылығы саласын мал, балық, егін шаруашылықтары бағыты бойынша дамыту мақсатында 3 жылдық жол картасы аясында жұмыстар басталғанын тілге тиек етті. Оның ішінде мал бордақылау алаңдарын салу, ет өнімдерін өнідіруі, тоғанды балық шаруашылығын жандандыру, және бақша дақылдары мен мал азығы егілетін алқаптарды 800 гектардан 3000 гектарға дейін ұлғайту көзделгенін жеткізді.
Бұдан бөлек, жергілікті жердегі шұбат, балық, ет, жүн өнімдерін өңдеп, сыртқа жөнелтудің тиімділігін айтып, соған сәйкес әзірленген жобаларды қор тарапынан қаржыландыруды ұсынды.
Кездесу барысында аудан аумағындағы Ақеспе елді мекеніндегі шипалы жер асты суы маңынан сауықтыру орталығын ашу, Қамбаш көлінің жағасында туризмді дамыту бағытындағы жобаларды жүзеге асырудың тиімділігі түсіндірілді.
Одан соң сөз алған қор өкілдері негізгі мақсаттары теңіз ұлтанына сексеуіл отырғызу және теңізді қытай ауларынан, пластикалық қалдықтардан тазарту үшін жұмыстар жүргізу екендігін айтты. Сонымен қатар, қалбырлар мен пластикалық қалдықтарды қайта өңдеп, өзге де өнімдер шығару үшін арнайы цех салу жоспарларымен бөлісті.
Кездесуде айтылған жобаларды қаржыландыру үшін қордың мүшелерімен кеңесіп, нақты шешім қабылдайтындықтарын жеткізді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

20 сәуір 2022 ж. 484 0