Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тапсырмалар орындалуымен құнды

Тапсырмалар орындалуымен құнды

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен Арал қаласы бойынша бөлінген секторлардың ахуалын бақылауға бағытталған отырыс болып өтті. Жиында сектор жетекшілері өздеріне тиісті аумақтар бойынша тазалық, тұрғындардың ахуалы мен көшелердің жағдайы және өзге де өзекті мәселелер жайында баяндама жасады. Баяндама барысында атқарылған жұмыстарды және алдағы уақытта атқарылуға тиісті шараларды атап көрсетті.

Хабарламашылардан соң аудан әкімі LED экраннан көрсетілген арнайы слайдтар арқылы көптеген шешімін таппаған және әлі күнге дейін атқарылмаған жұмыстар жайында тапсырмалар жүктеді.

Әсіресе қала тазалығы төңірегінде қордаланған мәселелерді шешу бүгінгі күнге дейін жан жақты жүргізілмей келе жатқанын сынға алды. Атап айтар болсақ қаладағы әрбір тұрғын үй иесінің "Қуанышбек" және "ARDANA-GRUPP" ЖШС мекемелермен келісімшартқа отырып, сол негізде үйлерден шығатын лас-қоқыстарды арнайы белгіленген жерге төгу жұмысы кенже қалып отыр.
Айта кететін жайт тұрғындар қандай мекемемен келісім шартқа отыру өз еріктерінде. Тіпті кейбір секторлар бойынша бұл көрсеткіш тұрғын үйлердің жартысын да қамтымаған. Соған байланысты жауапсыздық танытқан сектор жетекшілеріне қатаң тапсырды. Қойылған талап орындалмаған жағдайда шара көрілетіні ескертілді.
Сондай-ақ қаладағы шеткі көшелерден бөлек қала орталығындағы жаңбырдан жиналған сулардың да уақытылы тазартылып, қала тұрғындарының қозғалысына кедергі келмейтіндей жағдай жасауды жүктеді.
Қоқыстар мен қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастау тұрғындар үшін әдетке айналған. Бұл жайында ауызша ескертулер мен хабарландырулар қанша айтылып келе жатқанымен, нәтиже жоқ. Сондықтан тәртіпке бағынбаған азаматтарға айыппұл салу мәселесі де бұған дейін де тапсырылған болатын. Десе де бұл бағыттағы жұмыс та өз деңгейінде жасалмай келе жатқанын жеткізген аудан басшысы, қоқыстар мен қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастаған тұрғындарға айыппұл салу мәселесін қатаң тапсырды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі



29 сәуір 2022 ж. 540 0