"Төркіндеу" жобасы айдынды өлкеде жалғасты
Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Міне, соның бірі тарихы терең – төркіндеу дәстүрі. Төркіндеудің халықтық, дәстүрлік маңызы зор және ол әйел затына ғана тән ғұрып. Тарихқа жүгінсек, бабаларымыз ежелден қыз баласын қонақ деп, оларға қашанда құрмет пен ізеттіліктің белгісін көрсеткен.
Осы орайда аймағымызда бастау алған «Төркіндеу» жобасы аясында, тамыры терең, тарихы кенен, киелі Аралдың топырағынан түлеп ұшқан, әр түрлі салада қажырлы еңбек еткен, бүтіндей бір отбасының отанасына айналған нәзік жанды аруларымыз елге төркіндеп келіп, өңірдің бүгінгі тынысымен танысты.
Туған жеріне табан тіреген жерлестеріміз алғашқы сапарын Жақсықылыш кентіндегі «Аралтұз» АҚ-ның өндіріс орнының жұмысымен танысу сәтінен бастады. Мекеменің жұмысын көрген қонақтарымыз тұз өнімдерін өндіру жөнінде толыққанды мәліметтерге қанықты.
Мұнан соң, аруларымыз Арал қаласына жол тартып, «Арал СДО» ЖШС-ның балық өңдеу зауытына аялдады. Балық өңдеу жұмыстарын бағамдап, одан әрі арулар қауымы аудандық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Балықшылар музейінде» теңіз тіршілігі мен Арал балықшыларының тарихи ғұмырынан сыр шертетін экспонаттарға куә болды. Іссапарын нәзік жандыларымыз Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне жалғастырып, мәдениет ошағының ауласына жеміс ағаштарын отырғызды.
Тағылымды шара барысы әкімдік залындағы арнайы іс-шараға ұласты.
– Құрметті ханымдар, қадірменді жерлестер! Туған өлкеге қош келдіңіздер! Әлемдегі бар жақсылық пен ізгілік, отбасының беріктігі мен берекесі әйел-аналарға тікелей байланысты. Еліміздегі барлық отбасы берік, берекелі болғанда ғана мемлекетіміз де қуатты болмақ. Ұлтқа қызмет етер ұлыларды тәрбиелеген аналарымыздың қандай болғанына тарих куә. Сол қымбат қазыналардың көзіндей болған сіздер де жарқын істердің бастаушысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне айналып келесіздер. Осындай керемет дәстүрдің ізімен бүгінгі ауқымды шараға ұйытқы болып жатқандарыңызға алғысымды білдіремін, – деп аудан басшысы қонақтарды жүрекжарды лебізімен қарсы алды.
Шара барысында ұлттық дәстүрімізді өміршең етуде елеулі үлес қосқан облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Мәнсүрқызы Байназарова, Аралдан шыққан белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Меруерт Нығметқызы Аңсатова, белгілі ғалым Алмагүл Аяғанова, ақын Айнагүл Абуова сынды басқа да төркіндеп келген бір топ қыз-келіншектер ізгі тілектерін білдіріп, іс-шараның негізгі мақсатына тоқталып, ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесі туралы сөз қозғады. Қызу естеліктер айтылған басқосу жиыны әрі қарай пікір алмасулармен жалғасты.
Жоғары дәрежеде өткен тағылымы мол шараны аудан әкімі Серік Сермағамбетов қорытындылап, келген қонақтарға халқымыздың жөн-жоралғысымен сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
Ұлттық дәстүр ұлықталған іс-шара соңы облыстық әйелдер кеңесінің делегаттарының ұйымдастыруымен өткізілген ауызашар рәсімімен қорытындыланды.
Т. КИІКБАЕВ