Аудан әкімінің құттықтауы
Құрметті жерлестер!
Киіз туырлықты, ай таңбалы қазақ баласы үшін ту мен елтаңбаның, әнұранның әлімсақтан бәсі биік, қасиеті бүтін.
Әруақ қонып, нар шөккен маңғаз далада тарпаң тұлғалы, жолбарыс жүректі, қыран мінезді ерлердің жалауын желбіретіп, қай дұшпанға да қасқайып қарап, ел шетіне жау түсірмегенін білеміз.
Батыр бабаларымыздың жанын берсе де жалауын жықпай, тұлпарынан құласа да туын құлатпай, дұшпанға таба, досқа күлкі болмағандығы біздер үшін зор мақтаныш.
Әлемді аузына қаратқан түркілердің, батырлық пен бағы үстем болған ғұн, сақтардың бөрілі байрағы күллі жұртымызға рух дарытып, бүгінгі күнімізге аман-сау жеткізді. Тарихтың бір қырқасында оғыз, бір шетінде Алтын Орда, ендігі белесінде Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек болып, осындай алып мемлекетті бізге аманаттап қалдырғаны расымен де мықтылық.
Соның нәтижесі – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның көк туына айналып, әлем жұртшылығының сүйіспеншілігін тудырып отыр.
Ал Ақтанберді мен Доспанбеттей, Шалкиіз бен Қазтуғандай, марғасқа Махамбеттей жорық алдында қазақ әскерінің делебесін қоздырған жыраулардың асқақ дауысты жорық жырлары – бүгінгі біздің зор айбынымыз саналатын Мемлекеттік Гимніміздің алғышартын жасады. Біз қазір содан көңілімізге қуат, жүрегімізге шуақ аламыз.
Биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарының бекітілгеніне – 30 жыл. Осынау аралықта көк туымыз қалықтап, әнұранымыз шарықтап дархан дүниеге даңқымызды жайды. Қазақстан деген тарихы тарам, дәстүрі дара, салты сара ел бар екенін көрсетті. Алты құрлықта өзіндік ойып тұрып орын алған ел атандық.
Содан бергі уақытта Қазақстанның Мемлекеттік Туы түрлі олимпиадалар мен халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді. Ғаламшардың ең биік шыңдарына да, тіпті ғарышқа да тігілді. Гимніміз өзге мемлекеттердің төрінде ойналды.
Бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін қасиет тұтатын ең құнды дүниеміз осы – мемлекеттік нышандар десек, артық айтқандық емес.
Күллі қазақ баласының торқалы топырағымен қатар ең қадірлі көк байрағы, сан сырлы елтаңбасы, Мемлекеттік Гимні қасиетті де құнды.
Сондықтан сіздерді, айдынды Арал жұртшылығын осынау мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік нышандарымыз мәртебе мұзартында жарқырап, жұлдызды жерлерде желбіреп, биік шыңдарда шырқала берсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі Серік СЕРМАҒАМБЕТОВ