Жаңа оқу жылына жаңа мектеп ашылады

2021 жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстарының бүгінде 90 пайызға жуығы аяқталған. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, осы жылдың қыркүйек айында толық пайдалануға берілмек. Жалпы құны 1 млрд 330 миллион теңгеден асатын қаржыны құрайтын бұл мектепке алғашында 981 млн теңгеден астам қаржысы қаралған. Ал бүгінде қалған қаржы толығымен қаралып, жоба сәтті жүзеге асып жатыр.
Атшаптырым аумақты алып жатқан алып құрылыс нысанына жолымыз түсті. Мұндағы құрылыс сапасының қаншалықты деңгейде жүргізілгеніне мамандардың айтар өз жауабы бар. Әрине сапалы болған істе шу да, басқа да болмайды. Десе де мектеп-интернаттың сыртқа нобайы мен жалпы құрылыс жоспары сәтті шыққан тәрізді. Ішкі сызбалары мен қосымша қауіпсіздік аймақтары да жақсы жоспарланған. Алыстан менмұндалайтын алып нысанның көз тойдырар көрікті келбеті бізді бір көргеннен-ақ тәнті етті. Алып құрылыс алаңында тынымсыз еңбек етіп жатқан жұмысшылар жеткілікті. Ал бұл құрылысты қолға алған бас мердігер «SCSИнжиниринг» ЖШС қазірдің өзінде қос ғимараттың күрделі құрылыс жұмыстарын бітіріп, ішкі әрлеу жұмыстарын да сәтті аяқтаған. Бұл маңда жалпы саны 60-қа тарта жұмысшы еңбек етуде. Оның басым бөлігі жергілікті жерден жұмысқа тартылған азаматтар. Әрине мекеме өзге өңірден болған соң құрылыста келісім бойынша жобалық жұмыстар жүзеге асырылып тұрады. Әр қызметкер өз жұмысына тиянақты кіріскендіктен жоспарлы жұмыстың нәтиже берері сөзсіз. Біз танысқан құрылыста жүйелі жұмыс бар екені анық байқалды.
Өзін осы мекеменің жабдықтаушысымын деп таныстырған Қамшыбай Отарәлиев қазіргі уақытта мектеп ауласында абаттандыру, әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Мектептің ішкі қабырғалары біртегіс әрленген. Спорт залы мен оқушылар бөлмесі, асхана мен компьютерлік орталығы да жарық әрі кең. Екі қабатты нысанның әрбір жұмысы толық жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр. Ендігі кезекте – мектептің айналасын ретке келтіріп, арнайы жолақтар мен сыртқы спорт алаңы.
Иә, сәт сайын жүк артып мектепке аялдаған жүк көліктерінен көптеген зат түсірілуде. Сол көріністерге қарағанда мұндағы жұмыс әзір аяқталмайтындай көрінеді. Алайда «көз – қорқақ, қол – батыр» деген. Енді бір 2-3 айда бұл маңда құрылыс жұмыстары толықтай аяқталмақ. Біз соған сендік. Бастысы, балаға жасалған жайлы орта оның ертеңі үшін маңызды. Сол үшін мемлекет қолға алған жұмыстың сәтті әрі сапалы болуын тілейміз.
А. БИСЕНОВ