Той уақыты бақылауда болады
Қоғамдық кеңестің бастамасымен аудан көлемінде көптеген мәселелер шешімін тауып келе жатқаны жасырын емес. Халықтың сұрауындағы күрмеулі дүниелердің оң шешімін табуға себепкер болған кеңес мүшелері осы аптада тағы бір халықтың көкейінде жүрген сауалға жауап берді.
Нақтырақ айтар болсақ, аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аудандағы тойханалардың жұмыс уақытын реттеу жөнінде талқыланды. Аудандағы тойханалардың жұмыс уақытын реттеу мәселелері жөніндегі өзара тынтымақтастық туралы баяндама жасаған қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жоланов жиынды жүргізіп отырды. Өз баяндамасында:
– Қазіргі кезде той салтанаттары тойханаларда белгіленген уақыттан кеш басталып, өте кеш тарқап жатады. Бұл өз кезегінде бұл жағдай түрлі құқықбұзушылықтарға әкеліп соқтырып жатқаны жасырын емес. Той соңында бата беру үшін етжақын ақсақалдарымыз бен ақжаулық аналарымыз да түн жарымына дейін отыруға тура келеді. Бұл денсаулықтарына да зиян екенін айту керек. Ал тойханаларда ақылы қызмет жасап жүрген жастардың қонақтар тарқаған соң жүктелген жұмыстарын тындырып, тіпті кеш қайтуы қауіпті жағдай. Өткен жылдары мұндай деректер де болған. Сондықтан осы жағдайлар қайталанбау үшін және түн тыныштығын сақтау бағытында Арал аудандық қоғамдық кеңесі тойханалармен өзара ынтымақтастық меморандумға отырсақ, – деп ұсыныс тастады.
Ұсынысын тыңдаған жиынғы қатысушылар мен тойхана иелері бірауыздан қолдап, алдағы уақытта осы меморандум аясында жұмыстар жүргізуге ниетті екендіктерін білдірді.
Айта кетейік той салтанаттарын өткізу уақытын халыққа ыңғайлы ету мақсатындағы меморандумда жоғарыда айтылған мәселелерді болдырмау үшін тойдың уақытын Қызылорда облысының уақытымен сағат 19:00 мен 24:00 аралығында өткізу, той иелеріне белгіленген уақытты сақтауды ескерту, асабаларға тойды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсыру, жас жұбайлардың той алдында серуендеу салтанатын тойдың басталатын уақытына дейін өткізуді қамтамасыз ету, той кезінде тәртіпсіздікке жол бермеу және тойдың белгіленген уақытта аяқталуын аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері назарда ұстау, тойхана иесінің немесе жауапты адамның тойханада болып тойдың көрсетілген уақытта аяқталуын қадағалау, сондай-ақ меморандумдағы көрсетілген талаптардың орындалуын қадағалау үшін қала әкімі Е.Тәлекеновтың және тойханалары бар Қамбаш және Аманөткел ауылдық округтері әкімдері А.Исаевтың, Қ.Әбдрамановтың, Сексеуіл кентінің әкімі С.Төрешовтың назарында болуы қажет делінген.
Тек сөз жүзінде ғана қалмай көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда заң аясында шара көру мәселесі де ұсынылып отыр.
Оңталап ЖОЛДАСОВ