Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда: Фракция отырысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды

Қызылорда: Фракция отырысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды

Қызылорда облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтіп, онда мектептердің күрделі жөндеуі және құрылыс барысы, студенттердің жатақханалармен қамтамасыз етілуі, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шаралары, сондай-ақ егін жинау науқанын жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Биылғы жылы облысы бойынша 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі және 2 апатты мектептер және 2 үш ауысымды мектеп мәселелері шешілетін болады. Сонымен бірге 12 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының жоба сметалық құжаттары әзірленіп, 7 мектептің де жоба сметалық құжаттары дайындалуда.
Жалпы 2022 жылы 4 350 орынды құрайтын 9 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда, оның ішінде 6 мемлекеттік, 3 жеке мектептер. Мәселені талқылау кезінде депутаттар жөндеу және құрылыс барысын аралап көргендерін жеткізіп, жұмыстың сапасына және мерзімінде пайдалануға берілуіне мән беруді сұрады.
Өкінішке орай, кейбір нысандар уақытында берілмей қалуы мүмкін. Сондықтан депутаттар облыстық құрылыс басқармасына жоспарлы жұмыстарды кестеге сәйкес қатаң қадағалауды тапсырды.
Сонымен бірге, білім беру ұйымдарын жылу беру маусымына қажетті отын қорымен қамтамасыз етуді және сұйық отын бағасының көтерілуіне байланысты мәселелерді бақылауда ұстау керек екенін жеткізді.
Жатақхана мәселелері бойынша басқарма өкілдері жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан шаралар жөнінде басқарма басшысы Т.Дүйсебаев баяндады. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 671 тонна өнім бар болса, 7109 тонна өнім контрактіленген. Тұрақтандыру қорының өнімдері және «айналым схемасы» шеңберінде қарыз алған кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдері 38 әлеуметтік дүкен арқылы және облыс орталығының 17 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрыштары арқылы сатылуда.
Нан бағасын арзандату мақсатында Азық-түлік корпорациясы арқылы 7 айға (ақпан-тамыз) 14316,5 тонна астық бөлінді. Бүгінгі күні, ұн 50 ірі наубайханаларға бөлке нанды төмендетілген бағада сату үшін мақсатты түрде берілуде. Қант бағасын тұрақтандыру және жетіспеушілігін болдырмау мақсатында өңірге тікелей Көксу қант зауытынан қант жеткізу бойынша жұмыс жолға қойылған. Жалпы, 1780 тонна қант контрактіленген болса, оның бүгінгі күнге дейін 1360 тоннасы облысқа жеткізілген. Жыл соңына дейін 3315 тонна қант сатып алу жоспарлануда.
Фракция мүшелері партияның мониторинг тобы жұмысының нәтижесімен бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, бағаның негізсіз өсуін қадағалау, сауда үйлеріндегі әлеуметтік бұрыштарды тауарлармен толықтыру, кәсіпкерлерге займ беру арқылы қала мен аудандардағы әлеуметтік дүкендер мен сауда үйлерінде әлеуметтік бұрыштар ашу, халықты тұрақтандыру қорының тауарлары сатылатын және сауда үйлерінде әлеуметтік бұрыштар жөнінде кеңінен ақпараттандыру, бағаны тұрақтандыру мақсатында перспективада тауарларды сақтау және сату бағытында ірі қоймаларды іске қосу және көптеген басқа да ұсыныстар берілді.
Шаруашылықтарды дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көлемінде арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша басқармаға тиісті шаралар қабылдау, оның ішінде су тапшылығына байланысты жанар-жағар майдың көп шығындалғандығын ескеру сұралды.
11 тамыз 2022 ж. 294 0