Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел тілегі еленген күн

Ел тілегі еленген күн

Бүгін Сексеуіл кентіне газ құбырын тарту жұмыстары басталды.
Ел үшін маңызды жобаның басталу рәсіміне аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, республикалық және облыстық бюджет қаржысы есебінен жүргізілетін құрылысқа сәттілік тіледі.
- Бүгін Сексеуіл кентінің халқы үшін тарихи күн. Тұрғындар ұзақ жылдар бойы күткен қуанышқа қол жеткізуде. Себебі, кентте табиғи газ құбырын тарту жұмыстары бастау алмақ. Осынау айтулы жобаның тез арада жүзеге асуына аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы тікелей араласып, зор қолдау көрсетті. Газдандыру жобасы халықтың тұрмыс сапасын арттырады, әлеуметтік жағдайының жақсаруына да оң әсер етеді. Көгілдір отынның игілігін көрулеріңізге тілектеспін! Жаңа Қазақстандағы жарқын істер жалғасын таба берсін - деп, кент тұрғындарын үлкен қуанышпен құттықтады.

Одан соң, ауыл ақсақалы Бақытжан Жалмырзаев сөз алып, игілікті іске атсалысқан азаматтарға кент халқының атынан ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.
Қызылорда облысы әкімдігінің тапсырысымен, Сексеуіл кентінде құрылыс жұмыстарын «STROYGAZCОMPANY» және «AKBARYS STROY LTD» ЖШС мердігер мекемелері жүргізетін болады.

Газдандыру жұмыстары барысында кенттегі 2 300 тұрғын үй, 24 әлеуметтік және 53 кәсіпкерлік нысандарға тартылып, жалпы саны 11 620 тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Атап өтейік, бүгінде Арал қаласы 96 пайыз, Жақсықылыш кенті 87,7 пайыз табиғи газбен қамтылған. Сексеуіл кенті көгілдір отынға толық қосылғанда халық саны бойынша ауданды газбен қамту көрсеткіші 62,7 пайызға жетеді.

"Толқын" ақпарат

11 тамыз 2022 ж. 559 0