Ақбастыға ауыз су құбыры тартылуда
Арал ауданы орталығанан шалғай орналасқан Құланды ауылдық округіне қарасты Ақбасты елді мекеніне ауыз су құбыры тартылуда. Өтпелі негізде жүзеге асырылатын жоба арқылы ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов ауылдық округтерге жасаған сапары барысында құрылыс жүргізіліп жатқан аймаққа барып, жұмыс барысын көрді. Жауапты мамандармен мердігер мекеме өкілдеріне барлық жұмыстардың талапқа сай орындалуын тапсырды.
Қазіргі таңда мердігер «Сапа Құрылыс» мекемесі тарапынан барлығы 117 шақырым болатын құбыр желісінің 85 шақырымы қазылған. Оның 61 шақырымына құбыр желісі салынған. Мұнымен бірге ауылішілік су жүйесін жүргізу жұмыстарыда басталып кеткен. Елді мекен ішіне 8 шақырым құбыр тартылып, барлық тұрғын үйлерге кіргізіліп, су есептегіш құрылғылары орнатылатын болады.
Айта кетейік, аудандағы Көнту елді мекенін ауыз су желісін жүргізу үшін аудандық бюджеттен 13,4 мың теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күні мердігер мекеме тарапынан елді мекен ішіне су құбырларын жүргізу жұмыстары аяқталып, ауыз су желісі тұрғын үйлерге кіргізілуде.
Айта кетейік, өткен жылы орын алған қуаңшылықтың ауданының ауылшаруашылығы саласына келтірген зияны орасан зор болды. Биылғы жылы осы шаралардың алдын алу мақсатында су шаруашылығына барлығы 568,2 млн. теңге қаржы қаралып, өз деңгейінде тиісті шаралар атқарылуда. Атап айтар болсақ, 176,1 млн. теңгеге Тоғыт, Ащықұдық, Сульфат-2, Боранбай, Мергенсай, Қазанғап Ата, Ақбай, Арал-1 ұнғымаларын қазу және 392,1 млн. теңгеге Жыланды, Ералы, Қулы, Ақшақыз, Қайролла, Нұралы жарма каналдарын тазарту жұмыстары жүргізілуде.
kyzylorda-news.kz