Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтарды Білім күнімен құттықтады

Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтарды Білім күнімен құттықтады

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сырбойылықтарды 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтады.

Қымбатты балалар! Қадірлі ата-аналар! Баршаңызды берекелі күздің алғашқы мерекесі – Білім күнімен құттықтаймын!

Қазақ «Бақыттың жолын білім ашар» деген дана сөзге бас иген. Өркениетке қадам басқан әрбір ұлттың болашағы оның табиғи байлығымен емес, азаматтарының алғыр зейінімен, байыпты білімімен айқындалады.

Біз әрдайым бала бақыты, мұғалім мәртебесі үшін лайықты деңгейде қолдау шараларын жүзеге асырып келеміз. Балалар жылына тарту ретінде демеушілердің көмегімен өңірде 80 ойын алаңы салынуда. Оқушыларды тасымалдау үшін жыл соңына дейін мектептерге 30 автобус сатып алынады.

Жыл сайын жаңа мектептер желісін көбейтіп келеміз. Осы жылы 9 мектеп пайдалануға беріледі. Ал, алдағы 3 жылда аймақта 20 мемлекеттік мектептің іргетасын қалаймыз.

Бүгінгі күні демеушілердің өз қаражатына салынған жеке мектептердің желісі 20-ға жетті. Бүгін тағы бір жеке білім ордасының есігі айқара ашылды. Алдағы жылдары инвестор есебінен 12 мектеп саламыз. Сондай-ақ, 4 апатты деп танылған 3 мектептің мәселесі шешімін тапты. Оның екеуі жаңа оқу жылында жұмысын бастаса, Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектеп әкімдіктің ұйымдастыруымен жеке инвестор есебінен салынуда. Қазалы ауданындағы №94 мектептің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Биылғы жаңа оқу жылында 18 мыңнан аса бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне жол ашады. Жазғы демалыстан ой сергітіп оралған өрендердің ұстаздарымен қайта қауышып, достарымен сағыныса бас қосатын мерейлі күні қуанышқа толы болсын!

Әр ұстаздың өзіндік дара орны бар, ал, шәкірті үшін өз ұстазы қайталанбас тұлға. Барлығымыз кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Ұстаздың алдын көріп, тағылымын алған шәкірт ретінде менің педагогтерге деген ықыласым ерекше.

Отаншыл азаматты тәрбиелеу ісіне жанашырлықпен қарайтын, тұтас бір буынның құндылықтарын қалыптастыратын ұстаздар қауымына риясыз алғысымды білдіремін!

Жаңа оқу жылына жаңа леппен қадам басқан оқушылар білім бәсекесінде алға озып, аймақ абыройын асыра берсін!

Барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен тағы да шын жүректен құттықтаймын!
Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

kyzylorda-news.kz
01 қыркүйек 2022 ж. 434 0