Қуаңшылықты еңсеруге үлес қосқандар марапатталды

Жиында Арал ауданында орын алған қуаңшылықты жою бағытында атқарылған жұмыстарды қорытындылау туралы мәселе қаралды.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов алдымен өткен жылы орын алған қуаңшылыққа тоқталды.
«Қыс-көктем айларында жауын-шашын түсімі шамадан тыс төмен болып, жайылымдарда мал азығы яғни, шөптің шықпауы орын алып, соның салдарынан қуаңшылық жағдайы тіркелген болатын. Осы ретте, аудан бойынша барлығы 600-ге жуық мал басының өлімі тіркеліп, шаруа иелеріне біршама кері әсерін тигізді. Осыған орай, аудан көлемінде 2021 жылдың 12 шілдесінде Арал ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру мақсатында тиісті шаралар қабылданып, кезек күттірмейтін бірқатар тиісті жұмыстар жүргізілді»,- деді аудан басшысы.
Одан соң күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев баяндама жасады.

Комиссия отырысында Серік Сағитжанұлы төтенше жағдай кезеңінде атқарылған жұмыстарды саралап, комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап «Арал ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» шешімінің күшін жою бағытында нормативтік құқықтық акт жобасын ұсыну қажеттігін айтты. Аудан әкімі өз кезегінде аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімі, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері бірлесіп бір апта ішінде аталған жұмыстарды аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ басқосуда қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп, қиыншылықты еңсеруге қолдау білдірген бір топ аралдық азаматқа аудан әкімі құрмет көрсетіп, алғыс хатпен марапаттады.
