Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелдердің зейнет жасын ұзарту 5 жылға тоқтатылады

Әйелдердің зейнет жасын ұзарту 5 жылға тоқтатылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады, деп хабарлайды Ақорда.

Бұл заңға сәйкес, халықты бірнеше жақсы өзгеріс күтіп тұр.

Біріншісі – қазақстандық әйелдер 2028 жылға дейін 61 жаста зейнетке шығады.

Бұдан бөлек, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегі 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген АЕК-ке дейін ұлғайтылады.

Тағы бір өзгеріс – 35 жасқа дейінгі адамдар "жастар" санатына кіреді. Депутаттар бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, оптимизмін, ертеңгі күнге деген сенімділік сезімін нығайтуға мүмкіндік береді және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді деп санайды.

Сондай-ақ әкімдіктерге тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің даму басымдықтарын ескеріп, жастарға жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй беру жөнінде бағдарлама әзірлеу және іске асыру бойынша жаңа құзырет беріледі. Заңда бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту нормасы да қарастырылған. Яғни, келесі жылдан бастап жәрдемақы сәби 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді.

Бұған қоса, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері орташа айлық табыстың 45%-на дейін арттырылады. Ал мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ұсынылатын кепілдендірілген әлеуметтік пакет монетизацияланады.

kyzylorda-news.kz

Фото: ​sn.kz​​​
26 желтоқсан 2022 ж. 349 0