Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысы өтті

Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысы өтті

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Әбсұлтановтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысы өтті. Оған аудан прокуроры М. Бекпанов, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қ.Шүкіров, қала әкімі Е. Талекенов, комиссия мүшелері, бөлім басшылары мен мектеп директорлары және кент, ауылдық округ әкімдері «ZOOM» платформасы арқылы қатысты.
Комиссия отырысында 2022 жылы аудан көлемінде өсім алған қылмыстардың алдын алу және алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан прокурорының орынбасары М.Нұрсұлтан, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қ.Шүкіров, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова хабарлама жасады.
Отырыста аудан прокурорының орынбасары М.Нұрсұлтан қылмыстық құқық бұзушылықтарды болдырмау және жолын кесу бағытында жүргізілген талдауларды баяндап, 2022 жылы ауданда қылмыстар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 195-тен 155-ке яғни 21 пайызға азайғандығын айтты. Сондай-ақ ауыр қылмыстардың 12,7 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстардың 37 пайызға кемігендігіне тоқталды. Топтық төбелестің алдын алу, мал ұрлығының жолын кесу, қарумен қолдану арқылы жасалған қылмыстарды болдырмау, бұрын сотты болғандармен жасалынатын қылмыстарға қарсы профилактикалық шаралар жүргізу, кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстарға жол бермеу бағытында ұсыныстарын жеткізді.
Жиында сөз алған аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қ. Шүкіров ұрлық және алаяқ қылмыстарының тіркелуі төмендегенімен интернет алаяқтық азаймай тұрғандығын жеткізді. «Бүгінде интернет алаяқтық-5-і ашылмай қалып отыр.
Нәтижесінде алаяқтықтан жәбірленушілерге жалпы 2 808 540 теңге залал келген. Аталған қылмыстарға бөгет қою мақсатында, полиция қызметкерлерімен үй аралау, жиналыстар мен кездесулер кезінде ескертулер, қылмыстың жолын кесуге күнделікті түсіндірмелер жасалумен шектелмей, үнемі қауіпсіздік шараларын жасауды ұсынып келеді»- деді Қ. Шүкіров.
Басқосуда аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытында барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен мектептерге бейнекамералар орнатылғандығын, олардың полиция бөліміне тікелей қосылғандығын айтты. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқандығына тоқталды. «Балалардың қауіпсіздігін сақтау, беймезгіл жүрістерін болдырмау, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кәмелетке толмағандар арасында қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу, жүріс-тұрыстарына бақылау жасау, заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде, көшеде және ойын-сауық орындарында болуына тиым салынатындығы жөнінде рейдтік шаралар барысында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Аудандық полиция бөлімімен бірлесіп бала тәрбиесімен айналыспайтын, оқу-тәрбие процесіне салғырттық танытатын отбасыларды анықтау, үйлерін аралау жұмыстары жүргізілді»-деді С. Жанназарова.
Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Әбсұлтанов халықпен кері байланыс орнату басты міндет екенін, қылмысты болдырмау үшін қоғам болып бірлесе жұмыс атқару қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, ауа-райы қолайсыз кезеңде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистарлі бойындағы жұмыстарды күшейтілген режимде жүргізуді, білім беру ұйымы маңындағы жаяу жүргіншілер жолына бақылау жасауды, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында тиісті сала өкілдерімен бірлескен шараларды қабылдауды тапсырды. Қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне аудан көлемінде өсім алған қылмыстардың алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жасау қажеттігін жүктеді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
19 қаңтар 2023 ж. 343 0