Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар ұсынысы ескеріледі

Тұрғындар ұсынысы ескеріледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың қала, кент ауылдық округтерде 2022 жылдың қорытындысы бойынша халықпен кездесулері өтуде. Кеше аудан әкімі Бөген, Қаратерең және Жаңақұрылыс ауылдық округтерінде болып, халықпен кездесті.
Тұрғындармен өткен кездесуде жылдың қорытындысымен атқарылған жұмыстарды саралап шықты. Әрбір сала көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып, алдағы жоспарлармен де бөлісті.
«Былтыр ауылшаруашылығын дамытудың 2022-2024 жол картасын бекіттік. Жол картасы негізінен 3 бағытқа, яғни мал, балық және егін шаруашылығын дамытуға көзделген.
Бірінші кезекте жайылымдық, шабындық және суармалы егістік жерлерді суландыру мәселесін алға қойдық. Осы орайда, барлығы 13 су ұңғымасы қазылып, 10 канал тазартылып, 5 гидротехникалық құрылыс салынды.Екіншіден, егін шаруашылығын дамыту қолға алынды. 2021 жылға дейін ауданымызда екі елді мекенде, егін егіліп келсе, жол картасы аясында бұл көрсеткіш 11 елді мекенді қамтыды. Үшінші бағыт бойынша Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін ретке келтіру үшін Дарияның «Бұрмақұлақ» учаскесін бөгеп, «Аспай» суағытқысын іске қостық.
Сондай-ақ білім беру саласында да қуанышты жаңалықтар жетерлік. Урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылға дейін 12 мектеп салу көзделіп отыр. Оның төртеуі «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жүзеге асатын болады»,- деді аудан әкімі.
Ауыл тұрғындарымен есепті кездесуде аудан әкімі халық көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, ең алдымен елді мекендерде күнделікті тіршілік қамтамасыз ететін обьектілер мен әлеуметтік нысандардың кезектілігі бойынша салынатындығын жеткізді.
Кездесуден соң аудан әкімі ауыл тұрғындарын жекелеген мәселелер бойынша қабылдады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
05 наурыз 2023 ж. 365 0