Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі ардақты аналарды мерекемен құттықтады

Аудан әкімі ардақты аналарды мерекемен құттықтады

Тамылжыған көктемнің арайлы шуаққа толы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан ардагерлерімен бірге ақжаулықты аналардың отбасыларына барып, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың ыстық ықыласы мен мерекелік сый - сияпатын жеткізді.
Аудан әкімі алдымен 98 жастағы Қаншай Лекорованың үйіне ат басын бұрды. Каншай Мұқышқызы 1925 жылы 30 желоқсанда Арал ауданында дүниеге келген. Қарақұм ауылдық округінде мал шаруашылығымен айналысып, зейнетке шыққан тыл ардагері. 11 баланы дүниеге әкелген көп балалы ана, бүгінде 60 немере, 20 шөбере мен 10-нан аса шөпшек сүйген.
Серік Сағитжанұлы өңіріміздің дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосқан, еңбек адамы атанған анаға аймақ басшысының құттықтауы мен құрметін жеткізді. Өз кезегінде батыр ана әрдайым ардагерлерді ардақтап, құрмет көрсеткен аймақ басшысына ризашылығын білдірді.
Мұнан соң, аудан басшысы Жиеналиева Күркейді төл мерекемен құттықтады. Ғасыр жасаған ана бүгінде 6 баланы дүниеге әкелген, 12 немере, 52 шөбересі бар. Ұзақ жылдар бойы балық заводында қызмет етіп, еңбек адамы атанған.
Ардагер ана аудан әкіміне алғысын білдіріп, батасын берді.
Аудан әкімі С. Сермағамбетов өз сөзінде «Қарттарымыз қазынамыз. Біз әрдайым сіздердің еткен еңбектеріңіз бен ел үшін жасаған қызметтеріңізді жадымыздан шығармаймыз. Сіздердің өмір жолдарыңызды әрдайым бүгінгі буынға өнеге етіп келеміз. Бүгінгі өздеріңіз арқылы барша ауданның ақжаулықты аналары мен қыз-келіншектерді мерекемен құттықтаудамыз»,- деді.
Арнайы құттықтай келген азаматтарға ризашылығын білдірген кейуана елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
09 наурыз 2023 ж. 321 0