Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Ақирек және Қамыстыбас ауылдық округтерінде болды

Аудан әкімі Ақирек және Қамыстыбас ауылдық округтерінде болды

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың халықпен кездесуі бүгін Ақирек пен Қамыстыбас ауылдық округтерінде жалғасты.
Аудан басшысының іс-сапары алдымен Ақбай ауылында өтті. Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан әкімі жыл басынан бері өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Агроөнеркәсіп кешені саласында 2022 жылы еңбеккерлердің жұмысы жемісті болып, ауданымыз «Мал және балық шаруашылығын дамыту» бойынша аудандар арасында үздік деп танылды. Өткен жылы 13,4 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, 104,2 пайызды құрады.
Былтыр ауылшаруашылығын дамытудың 2022-2024 жол картасын бекіттік. Жол картасы негізінен 3 бағытқа, яғни мал, балық және егін шаруашылығын дамытуға көзделген. Аталған бағдарламаға сәйкес ауданды егін шаруашылығына бейімдеу жұмыстары қолға алынуда, 2021 жылы 166,7 гектар жерге егін егілсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 704,2 гектарға жетті. Ал, биыл 1500 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді С.Сермағамбетов.
Сондай-ақ тұрғындармен басқосуда аудан басшысы ауылдың географиялық жағдайын ескере отырып, егін егу көлемін арттыру қажет екендігін алға тартты. Тиісінше дихандарға мемлекеттік қолдаулардың жеткілікті екендігін айтып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Жыл қорытындысы бойынша халықпен кездесу мұнан соң Қамыстыбас ауылдық округінде жалғасты.
Онда аудан әкімі барыс жылындағы жетістіктерді тізбектеп, алдағы жоспарларға да тоқталды.
«Урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылға дейін білім ордалары салу көзделіп отыр. Жалпы аудан бойынша 12 мектеп салынса, оның 4-еуі «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Ал осы Қамыстыбас ауылында типтік мектеп салу жобасы қолға алынады.
Кәсіпкерлік саласында аудан жоғарғы орында. 2022 жылы ауданымыз бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6038 бірлікті құраса, оның ішінде 95 пайыздан астамы тұрақты жұмыс жасауда. Осыған орай, өткен жылы Арал қаласында аудандар арасында орталықтандырылған «Кәсіпкерлік үйі» алғаш болып ашылды. Қазіргі таңда, нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік туған»,-деп кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге жан-жақты демеудің бар екендігін айтты.
Есепті кездесуден соң аудан әкімі жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады.
Арал ауданы әкімдігіеің баспасөз қызметі
14 наурыз 2023 ж. 225 0