Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ


Арал аудандық мәслихатының VІІІ шақырылымының алғашқы сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Серік Сермағамбетов, құқық қорғау органдары басшылары, қала, кент және ауыл әкімдері, ардагерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Шарада аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрбек Зағатов кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялап, нәтижесі бойынша жаңадан сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі табыс етті.

«19 наурызда өткен аудандық мәслихат депутаттарының сайлауында аудан көлемінде құрылған 15 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 51 кандидат дауысқа түсіп солардың ішінен аудан халқының қолдауына ие болған 15 адам сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты атанды. Сайланған депутаттардың барлығы жоғары білімді, 5-еуі әйел, 10-ы ер азамат»,- деді, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Н. Зағатов.

Сессияда депутаттардың бірауыздан ашық дауыс беру нәтижесімен мәслихат төрағасы болып Базарбай Төреахметов сайланды.
Аудандық мәслихаттың алғашқы сессиясында 2 тұрақты комиссия құрылып, олардың сандық құрамы 7 депутаттан етіп белгіленді. Жаңадан сайланған депутаттардың дауыс беруімен «Экономика, қаржы, өндіріс, құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, байланыс, экология және табиғатты қорғау мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссияға Айтуған Сауяев жетекшілік етеді. Ал «Жергілікті басқару, білім, мәдениет, спорт, денсаулық, құқық, жастар ісі, әлеуметтік мәселелер» жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына әріптестері Лаура Ибраимованы сайлады.

Жиында сөз алған аудан әкімі мәслихат төрағасы болып сайланған Базарбай Шөменұлының тәжірибелі, білікті басшы, ұтымды ұйымдастырушы екендігіне тоқталып, депутаттарға сәттілік тіледі.
«Құрметті халық қалаулылары! Үлкен саяси науқандағы Жеңістеріңіз құтты болсын! Алдағы уақытта да ауданның өсіп-өркендеуі жолында, маңызды мәселелерді ел игілігі үшін тиімді шешу мақсатында бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз. Біз де өз тарапымыздан сайлаушылардың талап-тілегін орындауға барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Халықтың сенімін ақтау бағытында жаңа табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін. Алдағы қызметтеріңізге табыс тілеймін!»- деп аудан әкімі Серік Сағитжанұлы ізгі лебізін білдірді.
Сондай-ақ шарада сөз алған ардагерлер де жаңадан сайланған депутаттарға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, аудандық мәслихатқа «Amanat» партиясынан ұсынылған 10 депутат, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ұсынылған 1 депутат және өзін-өзі ұсынған 4 депутат сайланды. Оның ішінде әйелдер 33 пайызды құрайды.
31 наурыз 2023 ж. 450 0