Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Комиссия отырысы өтті

Комиссия отырысы өтті

Кеше аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов төрағалық еткен жиынға комиссия мүшелері, азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері, тиісті мекеме басшылары қатысты.
Комиссия отырысында үш мәселе қаралды. Алдымен аудан аумағында Конго-Қырым гемморрогиялық қызбасының алдын алу шаралары туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Сәтекеева баяндады.
Ал, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Шәкен Дархан өрт қауіпті маусымында өрт қауіпсіздігін сақтау мен шалғай орналасқан елді мекендердегі өрттерді сөндіру және аудандағы өрт сөндіру бекеттерінің жағдайы туралы баяндады.
Мұнан соң, Арал орман жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Болат Бисенбаев орман және дала өрттерінің алдын алу шаралары туралы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
№3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Ибраймов аудандағы білім, денсаулық және әлеуметтік нысандардың өрт қауіпсіздігі және ауданда орналасқан өртке қарсы су көздерінің жағдайын айтты.
Одан соң «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің Жедел құтқару жасағы бөлімшесінің бастығы Елдос Жиеналиев жазғы кезеңде ауданның су айдындарында қауіпсіздік іс-шараларын ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыстарды саралады.
Хабарламашылардан кейін аудан әкімі барлық қаралған мәселелердің өзекті екеніне тоқталып, әрбір аймақтағы төтенше жағдайларға алдымен қала, кент, ауылдық округ әкімдерінң жауапты екендігін қатаң ескертті. Конго-Қырым геморрогиялық қызбасы ауруының алдын алу бойынша залалсыздандыру жұмыстарына мұқият болып, жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтты.
Сонымен қатар Серік Сағитжанұлы өрттердің алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдауды, елді мекендерде ерікті жасақтар құру жұмыстарын үйлестіруді, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Аудан әкімі су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі өзекті екендігін айтып, өзендер мен көлдер жағажайларында қауіпсіздік талаптарының қағидаларына сәйкес ескерту тақтайшаларын орнату керектігіне тоқталды. Сондай-ақ жауаптыларға рейдттік шараларды ұйымдастыруды, суға түсу маусымында Қамыстыбас көлі жағасында орналасқан демалыс үйлерінің аумағының тазалығын және жағажайдағы демалушы адамдардың судағы қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, құтқарушы жасақтарының тәуліктік кезекшілігін ұйымдастыруды жүктеді.
"Толқын" ақпарат
22 сәуір 2023 ж. 223 0