Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңызды мәселелер қоғамдық кеңес мінберінде

Маңызды мәселелер қоғамдық кеңес мінберінде

Қоғамның қалтарыс-бұлтарысында қалып кететін өзекті деген мәселе төңірегінде ара-тұра қоғамдық пікір, қала берді ұсыныс-тілектер айтылып жататыны бар. Атқарушы билік араласса іс бітер ме еді. Алайда өте нәзік келетін тақырыптар төңірегінде байламды шешім айту бірдің қолындағы құзырет емес. Оған қоғамдық пікірдің салмақты сыны керек. Сосын барып түйінді ой айтылғаны дұрыс шығар. Бұл мәселеде елдің ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері және қоғамдық кеңес пен жергілікті жердің ардагерлер кеңесі сынды ұйымдардың араласуы орынды. Мұны неге айтып тұрмыз? Әлеуметтік маңызы бар болған соң әлеуметтің бұл турасында білгені де жөн шығар.
Хош... Бұған дейін қоғамның сынына ұшырап келген тойханалардың жұмыс уақыты әлі күнге өзекті болып тұр. Бұл жақында өткен аудандық қоғамдық кеңес пен аудандық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысында көтерілген бірінші мәселе болатын. Яғни, 2022 жылдың 28 маусымында дәл осы тақырып төңірегінде қоғамдық талқылау болып, нәтижесінде аудандағы тойханалардың жұмыс уақытын реттеу мәселесі сөз болған-ды. Мәселе әлі реттелмеген тәрізді. Солай екенін тойшыл қауым біліп те жүрген болар. Осы мәселе төңірегінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жоланов сөз сабақтап, жиналғандарға ортақ сауал жолдады.
– Біз бұған дейін, 2022 жылы кеңес алаңында қоғамда өзекті мәселеге айналған той өткізу тәртібін реттеу жайындағы ауқымды кеңес отырысын өткізген болатынбыз. Келелі кеңесте той рәсімдерінің бірқатар тұстары сынға алынып, бұл мәселені тұрғындарға қолайлы ету жайын, соның ішінде тодың уақытылы басталуы мен аяқталуын ретке келтіру мәселесі қозғалған болатын. Тойдың кеш басталып, кеш аяқталуының нәтижесінде көптеген келеңсіз жағдайлар орын алды. Тойханадағы ақылы қызмет жасап жүрген жас қыздар мен жігіттердің мезгілсіз уақытта үйлеріне қайтуы қиындық тудырады. Қазіргі кезде жастар арасында қылмыс көбейіп бара жатыр. Төбелес, ішімдік ішу сынды теріс әдеттердің соңы қайғымен аяқталуы мүмкін. Сондықтан осы мәселелерді жөнге келтіруге байланысты аудандық қоғамдық кеңесі, аудандық ішкі істер бөлімі мен тойхана иелері арасында тойханалардың жұмыс уақытын реттеу мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты, – деді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов.
Дей тұрғанмен, бұл мәселеде нақты нәтиже жоқ. Өзара келісімге келгенмен қоғамның кілтипаны әлі күнге анықталмай келеді. Бұл жерде кемшіліктің бәрін тойхана иелерінен іздеу қате пікір. Өйткені тойды жасайтын олар емес, осы қоғамның сіз бен біз секілді әрбір мүшелері. Кемшілікті алдымен өзімізден іздеген жөн шығар. Бұл мәселе төңірегінде жан-жақты ой айтып, әр тараптың кемшілігін жөнге салу керек. Қатарында тойхана иелерінен бастап, той иелері және асабалар бар. Кемшілікті әркім өзінен бастаған абзал.
Тағы бір өзекті мәселе – ысырапшылдық. Әрине, бардан Құдай айырмасын. Қазақ тапқанын тойға шашатын халық дейміз. Рас шығар. Алайда шектен тыс ысыраптың көкесін сол тойлардан көріп жүр емеспіз бе?! Енді оған әр жерлерде жасалып жатқан ас-садақалар қосылды. Қазір азалы үйде жайылып жүрген кей дастарқандар тойдағы дастарқандармен бірдей болатын жағдайлар кездесіп жатады. Бұл мәселеге қатысты да аудан тұрғындарына арнайы үндеу қабылданғанын білеміз. Сәйкесінше, көпшілік ас-садақалар мен басқа да діни дәстүрлерді өткізу барысында ысырапшылдықтан біртіндеп болса да арылып келе жатқандаймыз. Бұл мәселе төңірегінде аудандық орталық мешіттің бас имамы Қ.Қабылғазиев сөз сабақтады.
– Қазіргі уақытта қала бойынша діни жоралғылардың жасалу тәртібі біршама жөнге келіп қалды. Бұл мәселеде үлгі етіп алар ауылдар да жоқ емес. Десе де өлік жөнелту рәсімдерінің кейбір түрлеріне әлі күнге дейін шектеу қоя алмай келеміз. «Өлім байдың барын шашады, жоқтың абыройын шашады» демекші, адам қайтыс болғаннан кейін оның артынан жасалатын шілдеханасы мен апта сайын берілетін бейсенбілігі және жүзі сияқты жоралғылардың кейбіріне шектеу қою керектігін әлі күнге айтып келеміз. Алайда қоғамдағы қыршын болса «не көріп кетті», кәрілік келіп қайтса «той емес пе» деген қасаң қағидалар көпшілік жерде ысырапшылдыққа алып келіп жатыр. Бұл дұрыс емес. Қазалы үйге баратын жамағат қайғыны ауырлату үшін емес, жеңілдету үшін барады. Біз алдымен соған мән бергеніміз абзал. Осы мәселеге аз да болса түсіністікпен қарайық, – деді бас имам.
Расында есепсіз ысырап, қоғамдағы теңсіздік мәселесін одан сайын арттырып бара жатқан тәрізді. Ақиқат өлім абырой-атаққа қарамайды. Дүниені уысыңда ұстаған патша болсаң да қабірге дымсыз кетесің. Жарлы да солай кетеді. Сондықтан ас-садақалардың тәртібі де солай болуы керек сияқты. Арғы дүниеге аттанған жан сенің дүркіретіп садақа жасап, шашылғаныңа мұқтаж емес. «Алла ысырапшылдарды сүймейді» десек, бұл мәселеде байыпты болғанымыз абзал.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында сөз болған тағы бір мәселенің бірі – аудан аумағында орналасқан қорымдарды қоршау жайы. Жарты дүниені дәргейіне келтірген патша да, бір ауыз сөзбен жалпақ жұртқа бас болған би-болыс та, батырлығымен даңқы әлемге асқан қолбасшы мен батыр да қабірстанда жатыр. Сол мәңгілік мекеннің мазасын алар болмашы дүниелерден қорғануда алдымен Құран қалқан болса, содан кейінгісі қылған ісіміз бен амалымыз. Қазір аудан аумағында барлығы 177 қорым болса, оның 151-і қоршалып, 23-і қоршалмаған. Қалған үшеуін құм басып қалған. Арал қаласы мен қала маңының өзінде 12 бейіт орналасқан. Қалғаны ауданға қарасты елді мекендерде орналасқан.
– Өздеріңіз байқағандай, аудан орталығы саналатын Арал қаласындағы барлығы 12 бейіттің 8-і ғана қоршалғаны белгілі болып отыр. Осы орайда аудандағы қоршаусыз қалған қорымдарды сол қорымда ата-бабалары жерленген дәулетті, мүмкіндігі бар ұрпақтарының қолдауымен жүзеге асыруды ұсынып отырмыз. Әрине зәулім, көрікті етіп қорым салғанмен, оның сырты қоршалмағаннан кейін ол малдың аяғының астында, иттің мекендейтін мекеніне, балалардың ойын алаңына айналуы мүмкін. Айналып та жатыр. Сондықтан сол ата-бабаларымызға арнап салған қорымға қамқорлық жасауға тиіспіз деп ойлаймыз. Бір жағынан сән де беріп, қауіпсіз болып тұрады, – деген аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов, аудан аумағында орналасқан қорымдарды қоршау жөнінде құрылған жұмыс тобының мүшелерімен таныстырды. Құрамында Б.Төрахметов, Ә.Танымбетов, А.Бөлекбаев, Т.Сүлейменов, Н.Кеңесханов, Б.Ұзақов, Р.Жанаев, Ә.Сейітов, М.Махмуд және Н.Жұмашев бар.
Жиын барысында бұл мәселелерге қатысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Әйімбетов қоршалмаған қорымдар мәселесі мен ас-садақаларда жол беріліп жатқан ысырапшылдыққа кеңінен тоқталып өтті. Жиналғандар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілді. Бұл жиында көпшілікке айтылған ұсыныс ендігі жерде марқұмдарды қаланың кіреберісінде орналасқан «Ермек» қорымына жерлеу мәселесі болды. Бұл мәселе жиналғандар тарапынан мақұлданып, алдағы уақытта қала сыртынан үлкен көлемде жер қарастырып, қорым салу мәселесі көтерілді.
А. ҚАРАСАЙ
29 сәуір 2023 ж. 214 0