Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалім мен дәрігердің еңбекақысы дұрыс есептелмейдi — депутат

Мұғалім мен дәрігердің еңбекақысы дұрыс есептелмейдi — депутат

Азаматтық қызметшілер - мұғалім, дәрігер, әлеуметтік қызметкер мен басқалардың еңбекақысы дұрыс есептелмейдi. Жалақы есептеу әдiстемесiндегi қателердi түзету керек. Мәжiлiс отырысында сауал жолдаған депутат Гүлжан Қарағұсова осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Бiздiң сауалымыздың мәнi азаматтық қызметшiлердiң еңбекақысын есептеу әдiстемесiндегi қателердi жедел түрде түзетуге байланысты. Әдiстеменiң негiзi базалық лауазымдық қызметақы болып табылады. Қызметақының ешбiр ғылыми, экономикалық негiзi жоқ. Өкiнiшке орай, осындай әдiстеме Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтық қызметшiлердiң еңбекақысын өсiру мен лайықты жалақы тағайындау туралы тапсырмаларының орындалуын тиiмсiз етедi», - дедi Қарағұсова.
Депутаттың айтуынша, азаматтық қызметшiлер қатарына дәрiгерлер, мұғалiмдер, әлеуметтiк қызметшiлер мен басқалар кіреді. Мәжiлiсмен сауалды Үкiмет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдады.
Ресми сауалда 2016 жылдың 1 қаңтарында азаматтық қызметшілердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілгені айтылған. Жаңа жүйеге көшу денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын 28 пайызға, ал білім және ғылым саласы қызметкерлерінің жалақысын 29 пайызға ұлғайтуды қарастырған. Дегенмен, 2016 жылы білім қызметкерлерінің еңбекақысы 6,4 пайызға, ал денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет саласындағылардың айлығы 0,7 пайызға өскен. Ал, 2017 жылы олардың барлығының жалақысы керісінше төмендеген. Мысалы, қазір әлеуметтік жұмысшылар 26-40 мың теңге көлемінде ғана айлық алады.
Депутаттың айтуынша, азаматтық қызметшілердің осындай еңбекақы деңгейінің қалыптасуына жалақыны есептеу үшін қолданылатын базалық лауазымдық қызметақының төмендігі әсер етіп отыр. 17 697 мың теңге көлеміндегі базалық қызметақы 2011 жылы бекітілген және соңғы жеті жыл бойы өзгермеген.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ.
https://baq.kz/kk/news/parlament/azamattik_kizmetshiler_enbekakisi_duris_eseptelmeidi__deputat20180207_125400?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com
08 ақпан 2018 ж. 1 233 0