Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Райымда кәсіпкерлік қанат жайып келеді

Райымда кәсіпкерлік қанат жайып келеді

Аудан әкімінің бүгінгі сапары Жетес би ауылдық округінде жалғасты. Алдымен аудан басшысы демеушілік есебінен салынған кіре-беріс қақпаны көрді. Ауылдың ажарын ашып тұрған нысанды Райымдық Әліби Олжабаев, Қыдырбек Керімов пен Нұрбол Жолмырзаев өз қаражаты есебінен тұрғызған. Нысанның жалпы құны 1 млн. теңгені құрайды. Аудан әкімі ауылдың жанашыр азаматтарына ел үшін жасап жатқан қызметтеріне алғысын білдірді.
Мұнан соң жұмыс сапар «Райым» көлінің жиегінде орналасқан егістік алқабында жалғасты. Мұнда ауыл тұрғыны Әлиев Нұрлан өз отбасымен бірге 1 гектар аумаққа түрлі бау-бақша мен егін дақылдарын орналастырған. Жақын арада алғашқы жемісін алмақ.
Мұнан соң, Серік Сағитжанұлы «Алижан» ЖШС-нің балық қабылдау және өңдеу цехінің бүгінгі жұмыс барысымен танысты. Аудан басшысы жаңадан ашылған балық цехының жергілікті өніммен қамтамасыз етуде және тұрғындарды жаңа жұмыс орнымен қамтуда маңызы зор екеніне тоқталып, кәсіпкерге сәттілік тіледі.
Ауыл халқымен кездесу Жайдарлы Шаниязованың “Қожабай-Темірбай” саябағында өтті. Жеке инвестор өз қаражаты есебінен табиғат аясындағы демалыс орталығын іске қосуда. Жиында ауыл азаматтары толғандырған мәселелерді ортаға салып, талап-тілектерін жеткізді.
Тұрғындардың округ орталығы Райым елдімекенінің ішкі жолдарына асфальт төсеу және Ескіұра ауылының электр желілерін жаңарту туралы тілегіне аудан басшысы бүгінде өңірімізде бірінші кезектегі әлеуметтік мәселелерге ден қойылғанын жеткізді.
«Қазірде өңірде тозығы жеткен электр желілері 80 пайызға жуықтап отыр. Бұл үшін біз алдымен бірінші кезекте электр бағаналарын ауыстыруды қажет ететін 6 елдімекенді іріктеп, жобасын дайындадық. Келесі жылы қаржыландыру үшін тиісті жұмыстар жасалатын болады. Сіздердің сұраныстарыңызға сәйкес жоба дайындау үшін жауапты сала басшыларына тапсырма беріледі»,- деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, Серік Сағитжанұлы жиында: «Өңірлердегі үш ауысымды және аппатты мектептерді жою мақсатында ауданымызда 2025 жылдың соңына дейін 10 мектептің құрылысы жүргізілетін болса, олардың ішінде Сіздердің ауылдарыңыз да жобаға енгізілген» - деп, алдағы жобаларға да тоқталды.
Кездесуден соң, ауыл тұрғындары барша игі істерге қолдау білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.

"Толқын" ақпарат
08 маусым 2023 ж. 105 0