Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады

Аудан әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады

Құрметті медицина қызметкерлері!
Қадірлі сала ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Денсаулық қорғаны, халық жанының сақшысы, мейірім мен ізгілік жаршысы атанған ақ халатты абзал жандардың бүгінгі қоғам үшін орны әрдайым ерекше.
Сіздердің еңбектеріңіздің өлшемі – өмірмен қайта табысқан адамдардың тағдырымен байланысты. Сондықтан болса керек, әрбір адам дертіне дауа тапса, «Алтын қолды дәрігер», «Ақ халатты абзал жан» деп әспеттеп, бұл мамандық иелерінің қадірін арттырып жатады.
Дені сау адам – қоғамның байлығы. Сондықтан кез келген мемлекет азаматтарының денсаулығын сақтауды, әл-ауқатын арттыруды алдыңғы қатарға қояды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет.Біртұтас ұлт.Берекелі қоғам» атты жолдауында денсаулық сақтау саласындағы медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға баса мән беру қажеттігін айтып, нақты міндеттер қойған еді. Ел Президентінің бұл нұсқауы айдынды өлкеде де тыңғылықты орындалуда. Мәселен, биыл ауданға қарасты Жалғызағым және Тастүбек елдімекендерінде жаңа медициналық бекет пайдалануға берілетін болса, жуық күндері Бөген және Қызылжар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталмақ. Бұл игілікті істер халықтың сапалы медициналық көмек алуы үшін мол септігін тигізері сөзсіз.

Құрметті медицина қызметкерлері!

Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге шынайы алғысымды білдіремін! Кәсіби мерекеде барлығыңызға мұқалмас ерік-жігер, қайтпас қайсарлық пен батылдық, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық пен саулық тілеймін. Салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы еңбектеріңіз жанып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов
18 маусым 2023 ж. 196 0