Мемлекеттік қолдау жігерлендіреді

Еліміз соңғы жылдары шағын және орта бизнеске қолдау білдіре бастағалы осы балық шаруашылығы саласының да тамырына қан жүгіре бастады. Ауданның балық аулаудағы ресми көрсеткіші де әр жылдарға қарағанда көптеп артқан. Экспортқа шығып жатқан өнімдеріміз де қаншама?! Осы сынды қолдаудың нәтижесін көріп, мен де бұл саладағы өзімнің ісімді одан әрі жетілдіргім келді. Қысқасы, кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы түрлі бағдарламалармен таныса жүріп, «Қызылорда өңірлік инвестициялық даму орталығы» арқылы 5 млн теңге қаржылай несиеге қол жеткіздім. Ол қаржыны мақсатты орнына жұмсай отырып, өзімнің шағын кәсібіме қажетті автокөлік, балық аулауда керек барлық құралдармен қоса моторлы қайықтар алдым. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жеміс біерген баянды бастамалардың септігі біз секілді кәсіпкерлерге тиіп жатса нұр үстіне нұр емес пе? Мұндай мүмкіндікті беріп отырған еліміздің келешек дамуын өз басым жетістіктермен еселейміз деп ойлаймын.
Күн жылынып, теңіздегі мұздың іргесі сөгілгелі де айлар өтті. Алайда айдынды Аралдың балықшы қауымға берер сыйы түгесілмек емес. Тек белгілі бір кезеңдерде балық аулауға шектеулердің болып тұратыны рас. Мұндайда біздің өзге де шаруаларымыз өз ретімен жалғасын таба береді. Алдағы уақытта өңірдегі балық қабылдайтын жеке шаруашылықтармен жасасқан келісім негізінде балық аулау жұмысына толықтай кірісетін боламыз. Уақытылы жұмыс жасап, қажетті өнімді аулау барысында 3-4 адам жұмыспен қамтылуда. Осылайша, мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз өзіміздің жанымызға жақын қарқынды кәсіпті жандандырмақ ниеттеміз. Осының баршасы еліміздің кәсіпкерлік саласына жасаған қамқорлығының нәтижесі деп білеміз.
Қ. Құтмамбетов,
жеке кәсіпкер,
Жалаңаш ауылының тұрғыны
фото: seykhuninfo.kz