Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Арал теңізі»: Қоғамдық бірлестік қанша іс тындырды?

«Арал теңізі»: Қоғамдық бірлестік қанша іс тындырды?

Жақында аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жолановтың төрағалығымен аудандық ардагерлер алқасының отырысы өтті. Жиынға аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері, «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің директоры Айнагүл Баймаханова қатысты.
Жиында қаралған өзекті мәселе – Арал теңізінің балықшылар қоғамдық бірлестігінің атқарылып жатқан қызметтері және теңіздің қазіргі жай-күйі мен болашағы. Бәріміз білетіндей Арал теңізі біршама ауылдың негізгі жұмыс көзі. Балық шаруашылығы арқылы отбасын асырап отырған қаншама тұрғындар, жеке кәсіпкерлер бар. Теңіз деңгейінің төмендеуі оларға қалай әсер етпек және ол мәселенің алдын алатын қандай жолдар бар? Осы уақытқа дейін біз қандай жетістіктерге жеттік? Міне, жиын барысында осы сұрақтардың жауабы талқыланды.

Күн тәртібі бойынша қаралатын мәселе анықталған соң сөз кезегін Арал аудандық балықшылар қоғамдық бірлестігінің басшысы А.Үдербайқызы алды. Ол жиынға қатысушыларды 1991 жылы өз жұмысын бастаған қоғамдық бірлестіктің 1996 жылдан бастап алғашқы шетелдік серіктестермен жасаған жұмысымен және осы күнге дейінгі жетістіктерімен таныстырды.

– Атап айтсақ, осы кезге дейін балықшы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мақсатында біраз жұмыстар жүргіздік. Оның ішінде 15 балықшы ауылдық округ тұрғындарымен кездесу жүргізіліп, ауыл тұрғындарына қажетті деп саналатын заттарды барынша қоғамдық бірлестік есебінен алып бердік. Олардың қатарына Аманөткел ауылдық округіндегі жедел жәрдем көлігі, Қызылжар елді мекені тұтынатын ауыз су таситын көлік және өзге елді мекендердің медпункттары мен балабақшаларындағы барлық жиһаздарды атауға болады.Жұмыспен қамту мәселесі бойынша да Тастүбек, Бөген, Қамбаш елді мекендерінен түйе өсіру саласы мен авто жөндеу орталығы, Шөмішкөл елді мекенінен азық-түлік дүкені, Жалаңаш, Аманөткел, Қаратерең елді мекендерінен халық сұранысы бойынша бірнеше балық қабылдау, өңдеу орталығы ашылды. Және бірнеше ауылдық округке балықшылардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында 15 вагон үйбарлық жабдығымен қондырылды, 200-ден аса жан балық өңдеу курсын оқып, сертификаттарға ие болды. Және балықты қолдан өсіру мен теңіз, көл суларын тазалау жұмыстары үшін арнайы қондырғылар алынып, бірнеше жылдан бері жұмыс жасауда. Жалпы қазіргі таңда да бірлестік есебінен атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алдағы уақытта да арнайы жоспарлар бойынша жұмыстар жасайтын боламыз, – деді бірлестік жетекшісі.

Осыдан кейін негізгі өзекті мәселе Арал теңізінің су деңгейінің төмендеуі мен оның алдын алу мәселесі бойынша сөз кезегі «Арал-Сырдария бассейнінің экологиясы мен биоресурстары ғылыми зерттеу институты» ЖШС Арал филиалы директоры З.Ермахановқа берілді:

– Соңғы 5 жылда теңізге судың аз құюы себепті теңіздегі балықтар азайып отыр. Теңіздің 60 пайызында балықтардың уылдырық шашуға жағдайы жоқ. Себебі судың тұздылығы артып, соның кесірінен уылдырық шыдамдылығы азаюда, өліп қалу қаупі басым. Сол үшін алдымен теңізге су құю мәселесін көтеру керек. Егер де бұл мәселе өз шешімін таппаса, екінші жоспар ретінде мұхитта өмір сүретін, жоғары тұздылыққа шыдамды балықтарды өсіруді қолға алуымыз қажет. Ол үшін арнайы орталық мамандарын шақырып қазіргі теңіз тұздылығы мен кейін су құйылған соң әрбір текше метр сайын өсетін теңіз тұздылығын өлшеу қажет,– деп өз пікірін білдірді.

Жиынға қатысушы Ж.Ақмырзаев, Ж.Қараев, Д.Кушербаев сынды жеке кәсіпкерлер де өз пікірін білдірді. Теңізге су құю мәселесін барынша көтеру, балықты аулаумен қатар қолдан өсіру арқылы санын көбейту қажеттігін айтты. Теңізді қоқыстардан тазалау жұмыстары тоқтамауы үлкен көмек болатыны да айтылды.

Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары бойынша арнайы жұмысшы тобын құрып, алдағы жұмыстарды жалғастыру және Қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп беру шешімі қабылданды.

"Толқын" ақпарат
03 тамыз 2023 ж. 240 0