Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ СӘТТІ ІСКЕ АСУДА

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ СӘТТІ ІСКЕ АСУДА

Әлем елдерінде шалғай аймақтарды қала деңгейінде әлеуеттендірудің тың жобалары бар. Бұл ұстанымды әсіресе, дамыған мемлекеттер бірауыздан қолдайды. Бізде де осы үрдіс бір ізге қойылып келеді. Ауылдардың даму динамикасы ел Президентінен бастап, облыс, аудан әкімдерінің қадағалауында. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту үшін мемлекет қолға алған бағдарламалардың бірі – «Ауыл аманаты».
Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында аталған жобаны іске асыру үшін 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазір қаржыландыру бағыттары анықталған. Нақты талап-ережелері барлық ауылдарда түсіндірілуде.
«Ауыл аманаты» 5 бағыт бойынша жүзеге асуда. Негізгі басымдық өңдеу, кооперативтерді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша егін, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және басқа да бизнес жобаларға берілген. Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Алқаптан сөреге дейін» кооперациялау пилоттық жобасын жандандыру мақсатында шалғайдағы ауылдық округтерге микрокредиттер беру және кооперативтерді ынталандыру бағыты алға қойылған.
Жұмысты үйлестіруші ретінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ анықталып, 3 млрд теңге корпорация қазынасына аударылды. Облыс қаражатынан биылғы агент қызметіне 74,4 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар «Байқоңыр» ӘКК» АҚ жанынан атаулы жобамен айналысатын 20 штаты бар арнайы департамент құрылып, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілді.
Құжаттарды қабылдау шарттары ауыл тұрғындарының жағдайын ескере келе барынша жеңілдетілді. Бүгінде 1,6 млрд теңгенің 240 жобасы қабылданып, несие комитетіне ұсынылды.
Тамыздың 16-сы күні жобаларды қарастыратын несие комитетінің бірінші отырысы өтті. Онда 504,6 млн теңгеге 59 жоба қаралып, 199,3 млн теңгені құрайтын 30 жобаға келісім берілді. Комитеттің шешімімен мақұлданған жобалар кепіл мүлкі тәуелсіз ұйымдар бағалауынан өткеннен кейін ғана қаржыға қол жеткізе алады.
«Байқоңыр» ӘКК» АҚ мамандары ауыл тұрғындарын кепіл мүліктеріне қойылатын талаптармен таныстырды. Мысалы, 1990 жылдан бері күйдірілген қыштан қаланған мүліктерді, 2000 жылдан бері қам кесектен және қаңқалы-қамысты материалдан соғылған мүліктерді кепілге қабылдау мақұлданған. Сондай-ақ мүлкіңіз 1980 жылдан бері салынған көпқабатты үй болса, кепілге жарамды.
Осы тұста «Жоба игілігін кімдер көре алмайды?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Айта кетейік, «Жұмыспен қамтудың жол каратасы - 2020» бағдарламасы бойынша, салық органдарына қарызы барлар, соттылығы толық өтелмеген регламентке сәйкес өтінім беруші қаржыландырылмайды.
Сонымен қатар алаяқтарға алданып қалмауды қатаң ескеру қажет. Тұрғындар арасында жеңіл ақшаны көздегендер де кездесуде. Алаяқтық жолмен «несие алып беруге және рәсімдеуге көмектесемін, танысым бар» деп кәсіпкерлерден қомақты қаражат алып, алдап соққан фактілер де тіркелген. Бағдарлама жөніндегі мәліметті «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан ғана білуге болады.
Меже бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында бөлінген қаржыны келер жылдың маусым айына дейін толық игеру жоспарланған.

22 тамыз 2023 ж. 223 0