Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Темірбек Жүргенов атындағы саябақ ашылды

Темірбек Жүргенов атындағы саябақ ашылды

Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай өз заманының перзентіне арналып саябақ ашылды.

Саябақтың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы қатысып, аудан жұртшылығын Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығымен құттықтап, тарихи тұлғаны ұрпаққа үлгі ету жолындағы айтулы шараның өтуіне атсалысқан азаматтарды облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.

«Темірбек Жүргенов бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға. Жүрегі елім деп соққан, жазықсыз жаланың құрбаны болып өткен ердің аты өшпейді, жер бетінде қазақ халқы тұрғанда оның ісі жалғаса береді. Мүмкіндікті пайдаланып, Темірбек Жүргенов есімін ұлықтауға өзіндік үлес қосып келе жатқан «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсатов ағамыздың, Жүргеновтанушы ғалым Бауыржан Иманғалиевтің және басқа да азаматтардың еңбегін атап өткім келеді. Бүгінгі салтанатты жиынға келген қонақтарға қадамдарыңыз құтты болсын дей отырып, салтанатты шараға сәттілік тілеймін» – деді, Мейрамбек Зинабдинұлы.

Сондай-ақ, «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсат Сәдуақасұлы және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлиев Садық Әлиұлы бүгінгі айтулы шараның маңызын ескеріп, аз ғұмырда ұрпақ үшін елеулі еңбек жолын қалыптастырған тұлғаны құрметтеп жатқан аймақ басшысына, аудан әкіміне және барша жанашыр азаматтарға алғыстарын жеткізді.

Мемлекет және қоғам қайраткерінің атындағы ауылда 2023 жылы балалар ойын алаңы ағымдағы жөндеуден өтіп, бір көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Темірбек Жүргенов атындағы саябақты абаттандыруға аудандық бюджеттен 67 млн. теңге қаржы бөлінді.

syrboyi.kz
22 қыркүйек 2023 ж. 218 0