Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында "Мамандығым–болашағым" жобасы іске қосылды

Қызылорда облысында "Мамандығым–болашағым" жобасы іске қосылды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Мамандығым – болашағым» өңірлік жобалық кеңсесінің ашылу салтанаты өтті.
«Мамандығым – болашағым» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – аймақтағы еңбек нарығындағы өзгерістерді болжау және студенттерге ерте кәсіптік бағдар беру.
Кеңсенің тұсау кесерін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасады. Министр кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін кадр қажеттілігіне неғұрлым нақты бағдарлау үшін жұмыс берушілермен диалогта болып, кадрларға қажеттілікті алдын ала болжау маңыздылығын атап айтты. Сонымен қатар, жастарды ғылымға баулу, жоғары білімді интернационалдандыру және цифрлық экожүйені қалыптастыру қажеттілігінің маңыздылығына да тоқталды.
«Қазіргі таңда ең үлкен мәселенің бірі – еңбек нарығы мен жоғары кәсіптік білім беру жүйесінің ұштасуы болып тұр. «Жоғары білімді адамдар неліктен жұмыссыз, білім беру мазмұны жұмыс берушілердің көңілінен неге шықпайды» деген сұрақ бар. Бұл мәселе бойынша бірнеше жыл қатарынан ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, тек салалық атластар емес, өңірлік атластар жасалуы керек екені белгілі болды. Әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Сондықтан 2021 жылы алдымен Павлодарда мамандықтардың өңірлік картасы жасалды. Нәтиже өте жақсы, өңірге қажет ең негізгі 40-қа жуық мамандық анықталды. Мұнан кейін Маңғыстауда өңірлік атлас жасалып, өңірлік экономиканың талабына сай 39 жаңа мамандық айқындалды. Қазір бұл жұмыстар басқа қалаларда да жалғасуда. Бұл жұмыстар бойынша жобалық офистар – өңірлік жоғары оқу орындары», – деді министр Саясат Нұрбек.
Іс-шараға «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Самғат Ермекбаев, Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының жобалық кеңсесінің өкілдері және университеттің оқытушы-профессорлық құрамы қатысты.
Университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова жобаның маңыздылығына тоқталып, 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектың қатысуымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Мамандығым – болашағым» тақырыбында І облыстық форум өткенін атап өтті.
«Мамандығым – болашағым» жобасы шеңберінде университет қызметкерлері 5 күн бойы интенсивті режимде форсайттық зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттау курсынан өтеді. Тренинг нәтижелері бойынша университет қызметкерлері аймақтық жобалық кеңсе командасына қосылып, Қызылорда облысының кадр қажеттілігінің өңірлік картасын жасауға бағытталған аймақтағы негізгі сала мамандарының қатысуымен форсайттық зерттеу жүргізеді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы
05 қазан 2023 ж. 493 0