Мәжілісте маңызды мәселелер қозғалды
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен әкімдік және аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, олардың орындалуы сөз болды.
Алдымен әкімдік мәжілісінің күн тәртібінде – аудан бойынша күзгі егін жинау жұмыстарының барысы қозғалды. Бұл мәселе жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев егінді ысырапсыз, төгіп шашпай, күні райының жағдайына қарап, қамбаны астыққа толтырып алу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, аймақтағы егін шаруашылығы саласының маңызды мәселесі – су тапшылығына да тоқталып өтті.
Басқосу мұнан әрі аппарат мәжілісіне ұласты. Мәжілісте ауданның облыстық «Алтын дән – 2023» іс-шарасына дайындық барысы мен 2024 жылдың І жартыжылдығына баспасөзге жазылуды ұйымдастыру мәселесі қозғалды.
Аппарат мәжілісіндегі бірінші мәселе «Алтын дән – 2023» мерекесіне дайындық жұмыстары туралы аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков баяндама жасады. Баяндамашыдан кейін аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы сөз алып, аталмыш шараның үлкен маңызға ие, дала еңбеккерлерінің ала жаздайғы еңбегі мен төккен терінің нәтижесін көрсететін ауқымды іс екенін айтып, шараны абыроймен атқарып шығу керектігін жеткізді. Сонымен қатар сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне іс-шараны жоғары деңгейде өткізу бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Мәжілістегі екінші мәселе 2024 жылдың І жарты жылдығына баспасөзге жазылу жұмыстары бойынша аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы хабарлама жасады. Хабарламашыны тыңдаған аудан басшысы жалпы ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығын ел арасында насихаттайтын осы баспасөз құралы екенін айтып, барлық сала басшыларына баспасөзге жазылу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
Жиын соңында аудан басшысы Әйтеке би кентінің көшелері мен шет аймақтарының тазалық мәселесіне тоқталды. Аудан тазалығы – ортақ абырой екенін айтып, бұл жұмыстарды атқаруда да үлкен ауызбіршілік пен жауапкершілік таныту қажеттігін айтты.
syrboyi.kz