Шаттыққа толы шуақты шара


Аудан басшысы өз сөзінде:
– Баршаңызды қуаныш пен ғажайыпқа толы Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды Сіздер, әсіресе кішкентай бүлдіршіндер тағатсыздана күтеді. Жаңа жылды қарсы алу – жаңа армандар мен жаңа мақсаттарға есік ашып, соған қарай талпыну. Жүрек түкпірлеріңіздегі осы ізгі ниеттеріңіздің орындалуына тілектеспін. Бізге Сіздердің балғын жүздеріңізден нұр шашып, ынта-ықыласпен риза болғандарыңызды көруден асқан бақыт жоқ. Ата-аналарыңызды тек жақсы істермен қуантыңыздар! Сабақты жақсы оқып, спортпен айналысып, қалаған үйірмеге барып, әр күнді ерекше өткізіңіздер. Қанаттарыңыз талмай, ұстаздарыңыздан саналы тәрбие, сапалы білім алып,бейбіт еліміздің атын әлемге танытыңыздар! Бүгінгі барлық құрмет те, қошемет те тек Сіздер үшін. Аспанымыз ашық, болашағымыз жарқын болсын! – деп мерекелік лебізін арнап, балалардың әсем кешін безендірген №14 мектеп-лицей ұжымына ыстық ықыласын жеткізді.
Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алған балалар ән-жырдан шашу шашып, би биледі. Өнерпаз бүлдіршіндер өнерлерін ортаға салып, мерекелік кештің сәнін келтірді. Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті.
Сонымен бірге кеште аудан әкімінің атынан арнайы сый-сыяпаттар табысталып, салтанатты мейрамға жиналған балаларға мерекелік тәтті дәм ұсынылды.
«Толқын» ақпарат

