ҰБТ төңірегіндегі тың жаңалық
Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылы ҰБТ-ның өткізілу форматы өзгеріп, бірыңғай электронды нұсқаға көшкен болатын. Сол сәттен бастап талапкерлер ҰТО-мен «USTADY» білім бренді бірлескен ҰБТ орталығынан тестілеу жұмыстарын жүргізетін. Бұл орталық облысымыз бойынша тек Қызылорда қаласы, Жаңақорған және Қармақшы мен Қазалы аудандарында ғана жұмыс жасайды. Ал аудан оқушыларына алыс шақырымдарды артқа тастап, Қазалы ауданындағы «USTADY» тестілеу орталығына баруға тура келетін. Ал биыл Ұлттық тестілеу орталығының «USTADY» орталығымен келісім-шартты тоқтатуына байланысты тестілеу шаралары тек облыс орталығында ғана өтетіндігі белгілі болды. Бұл өз кезегінде оқушылардың тестілеуге өздері қалаған мерзімінде тіркеле алмау мәселесі мен жол қатынасы қиындығын тудырып, ата-аналар тарапынан алаңдаушылыққа алып келді.
Соған сәйкес оқушыларға оңтайлы жағдай жасау мақсатында аудандық білім бөлімі және облыстық білім басқармасы тарапынан Арал қаласынан тестілеу пунктін ашу туралы ұсыныстар түрлі тиісті мекемелерге жолданған болатын.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қаңтар-ақпан айларында өтетін тестілеу жұмысы аудан орталығындағы бұрын ҰБТ пункті қалыптасқан Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-лицейінде өтетін болды.
Барша мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналардың өтінішін жерге қалдырмай, мәселенің оң шешімін табуға ықпал жасаған аудан әкімі Серік Сермағамбетовке, бастамаға қолдау білдірген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа және Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов пен ҰТО-ның директоры Руслан Емелбаевқа алғысымызды білдіреміз!
Айта кетейік, биыл аудан бойынша 979 оқушы мектеп бітірсе, оның 771-і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Барлық талапкерлерге сәттілік тілейміз. Сынақтан сүрінбей өтіп, ЖОО-ның грант иегері атаныңыздар!
«Толқын» ақпарат