Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Инфрақұрылымды дамыту өмір сапасын арттырады

Инфрақұрылымды дамыту өмір сапасын арттырады

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен Арал ауданының даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев елді мекендерді абаттандыру жобаларына тоқталды.
Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Арал қаласынан екі мектеп салынуы жоспарланған. Қазір бір мектептің құрылысы басталса, екінші мектептің жер телімі белгіленген. Құрылысы басталған білім ордасына Ж.Әлімбетов көшесі арқылы баратын жол жарық шамдар мен жаяу жүргіншілер жолағын салу арқылы абаттандырылмақ.
Аудан әкімінің айтуынша, теміржол үстінен өтетін аспалы көпірге апаратын негізгі кірме жол ретінде Жылқаман батыр көшесін абаттандыру қажеттілігі туындауда. Арал қаласының тұрғындары теміржолдың екі жақ бетіне қоныстанған. Көпшілік демалатын орындардың басым бөлігі қаланың негізгі бөлігінде. Ал, «Жаңауыл», «Шанхай» шағын аудандарында мәдени-демалыс орындары жетіспейді. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, «Жаңауылдағы» Абай көшесінің бойынан және «Шанхайға» демалыс аллеясын салудың жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу керек. Мұнан бөлек, теміржол вокзалын қайта жаңғырту және абаттандырудың құжаттары дайындалды.
Кеңесте Арал ауданын «көгілдір отынмен» қамту бойынша да бірқатар жоба ұсынылды. Аудан орталығы 2015 жылы, Жақсықылыш кенті 2020 жылы газға қосылса, биыл Сексеуіл кентіне жеткізу жоспарлануда. Шижаға елді мекенін газдандыруды бастауға облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылмақ. Қалған елді мекендерді газдандырудың жол картасы әзірленуде. Бірінші кезекте халық саны мен автоматтандырылған газ тарату станциясынан қашықтығы ескеріліп, 14 елді мекенге газ қосу ұсынылды.
Сондай-ақ, ауданда электр желілерін қайта жаңғырту бойынша 8 жоба дайын, 2025-2027 жылдары тағы 6 елді мекенге (Бөген, Тоқабай, Жаңақұрылыс, Қызылжар, Мергенсай, Жіңішкеқұм елді мекендері) жоба әзірленбек.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
01 ақпан 2024 ж. 275 0