Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Amanat» жүйелі жұмыс атқарды

«Amanat» жүйелі жұмыс атқарды

Елімізде саяси партиялардың бар екендігі мемлекетіміздің демографияға жарқын жол ашқанын аңғартса керек. Олардың басым бөлігінің өкілдері мәжілістен өз орнын сақтап қалып, қазіргі таңда ұлттық мүдде жолында  қызмет атқарып келе жатқаны қазақстандықтарға мәлім. Облыста да, ауданда да солай. Кеше Арал аудандық «Amanat» партиясының төрағасы Базарбай Төрахметовпен сұхбат құрудың сәті түсті. Жалпы, жергілікті ақпарат құралының өкілі ретінде жұртшылықпен етене тыныс-тіршілігінен әркез құлағдармыз.  Сонда да болса төрағамен емен-жарқын әңгімелесудің орны бөлек. Сөйлестік. Ондағы мақсат өткен жылы аманатты атқарған жұмыстар туралы ой бөлісу. Базарбай Шөменұлы ағынан жарыла ақтарылды. Саяси партияның Мемлекет басшысының Жолдауларын жүзеге асырудағы жарқын бастамаларын жан-жақты қаузады. Сондай-ақ ол партия атынан сайланған депутаттардың іскерлік болмысын, сайлаушылар алдындағы аманатты орындау барысында қолға алған жарқын істерін тілге тиек етті.Иә, жыл аясында «Amanat» партиясы Арал аудандық филиалында 5 конференция ұйымдастырылған екен. Жәй отырыс өткізген жоқ. Барлығының да өзіндік маңызы бөлек. Саяси кеңестің 3 және саяси кеңес отырысының 8 отырысы жасалып, тұрақтылықты сақтауды басты бағдаршам еткен жиында партияның бағыты негізінде өзекті әңгімелер өрбіген.
Хош дедік. Аудандық филиалға қарасты құрамында 6583 партия мүшесі мен 23 бастауыш ұйымдары саяси құрылымның салмағын арттырып отырғанын аңғардық. Оның ішінде 500-ден аса мүшесі бар ірі 2 бастауыш партия ұйымы белсенділікпен көзге түскен. Атап айтсақ, әрқайсысында қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылып, тұрғындармен байланыс орнатуда жақсы нәтижеге қол жеткізген.
Тарих қойнауына енген 2023 жылы партиялық жобалар асқан тиянақтылықпен іске асырылған. Барлық бастауыш ұйымдар алға қойған міндеттерді әркез күн тәртібіен түсірмей, халықпен тығыз байланыс орната алған. Олардың арасында партиялық жоба ретінде танылған «Ұлттық мұра» партиялық жобасы жоғары дәрежеде көрініс тауып, ел жадында жатталған. Бұл шараға облыстық партия филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов арнайы келіп, барша партияластарға ақжарма тілегін білдірген.
Әрбір саяси доданың бұқара үшін маңызы ерекше екенін ескерсек, ауданда өткен сайлауда кімнің айы оңынан туды деген сауалға жауап іздейтініміз шындық. Қазіргі таңда «Amanat» партиясы атынан сайланған 14 депутаттың 10-ы партия атынан түссе, қалған 4-еуі өзін-өзі ұсынып, сайлаушылар сеніміне иелік етті. Міне, халық қалаулысы атанған жандардың  әр ісіне үңілетініміз де содан. Кім не істеді, не тындырды деген сұрақ қай кезде де көкейде тұрады. Бұлардың барлығы дерлік қоғамдық жұмыстан қашанда қалыс қалмады. «Ардагерлерді ардақтайық» сынды жобада көнекөздерді дәріптеп, құрмет көрсетуге ерекше жомарттық танытты. Басқа да ауданда басталған барлық шаралардың бел ортасында жүрді. Алғыс алды, рахмет естіді.  Аудандық «Amanat» партиясының төрағасымен болған емен-жарқын әңгіме аясында бұл ойда назардан тыс қалған жоқ. Айтты, тарқата жеткізді.
–Сайлаушылардың аманатына адал болу – біздің партияның басты борышы. Өйткені, аудан халқы бізге зор сенім артты. Депутат деген мандаттың қашанда салмағы ауыр. Содан да болар, «көтере алмайтын шоқпарды белге байлағандарға» арамызда орын жоқ. Әрқайсысының округ бойынша елден артқан сенім ерекше. Қараймыз, зерделеп отырамыз. Салыстырмалы түрде баяндар болсам, өткен жылы партиядан сайланған депутаттар дала мен қалада өзекті мәселелерді шешуге аянбай еңбек етті. Жауапкершілікті жіті сезініп, көптің талап-тілегін орындауға күш салды. Аудандық фракцияның 8 отырысы болып, 11 мәселе қаралып, 55 ұсыныс қажетті орындарға жолданды. Ал "Жол картасы" төңірегінде назарға алынған 79 іс-шараның  49-ы толыққанды орындалып, 24-і  келер жылдың өтпелі кезеңіне енді. Бұдан басқа тағы бір ескеретін жәйт, партиялық бақылау комиссияның 7 отырысында 15 мәселе зерделеніп, жұртшылықтың қажетін күйттеген 22 мәселе талқыланды, – деп партиялық бақылау комиссиясының мүшелері сайлауалды бағдарламалары бойынша салынып жатқан нысандар мен дәріханаларға, азық-түлік дүкендеріне және жанар-жағар орындарына мониторинг жүргізіп, олқылықтарды анықтауда қырағылық танытқанын айтты.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекетке басшы болып келгеннен бастап қойған талабы баршаға мәлім. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлының: "Халықтың өмір сапасын арттыру біздің басты назарымызда. Қазақстан азаматтарын озық біліммен, қолжетімді медицинамен, таза ауыз сумен, сапалы жолмен  қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды жүзеге асыруы қажет. Бұл міндеттерді шешу үшін билік пен халық арасында диалог болуы тиіс. Біз бұл диалогты міндетті түрде орнатамыз. Қоғамдық тәртіп пен үйлесімді дамуды қамтамасыз етеміз" – деген сөзі ақиқатқа айналып, бүгінде партия өкілдері ұдайы қоғамдық қабылдау өткізуді жолға қойған. Аталмыш қабылдауларда үлкен-кішінің өтініштеріне байланысты мәселесін шешу, өзекті проблемаларды жою тақырыпқа арқау етіледі.
Жалпы, партияның бір жыл көлемінде атқарған жұмысы бір әңгімемен шектелмек емес. Қыруар іс тындырылғанынан біз де, көпшілік те құлағдар. «Amanat»  партиясында жүйелі жұмыс жасалғанын, оның ішінде елеулі деген істердің бірқатарын сөз еттік. Лайым, алдағы уақытта партияның екінші тынысы ашылып, аманаттықтар халық үшін бағытталатын бастамаларға ұйытқы бола береді деп сенеміз.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
13 ақпан 2024 ж. 210 0