Аралдан көмек аттанды...

Белсенді азаматтардың атсалысуымен бүгінде бірнеше газел автокөлігі су алған аймақтарға аттанып кетті. Осы істің басы-қасында жүрген ерікті азаматтар мен волонтерлердің айтуынша, күнделікті тұрмысқа қажетті гигиеналық заттар мен сулы жерлерге керек өзге де киімдер және қапшықтар мен ыдыс-аяқтар жиынтығы жіберілген.
– Қазіргі уақытта біз гуманитарлық көмекті тоқтатып, жиналған заттарды облыс орталығынан шыққан жүк көлігіне тиеп жібердік. Сыр жастарының ауызбіршілік танытып, мұндай қадамға баруы бірінші рет емес. Бұған дейін де көптеген жағдайларға жанашыр болып, көмектің кез келген түріне білек сыбана кірісіп жүрген жастардың атынан бүгінде табиғи апат аймағындағы ағайынға көмек жетті, – дейді Н.Алдамұратов.
Иә, жығылғанға демеу, жылағанға жұбаныш болар жұртымыз барда ауыртпалықтың да осы түрінен өтіп, орын алған жағдайдан тиісті сабақ аларымыз белгілі. Алдағы уақытта мұндай олқылықтарға жол бермей, үйді жанымен, даланы малымен бірге сақтап қаламыз деген ой бар. Ол үшін бізге балталаса да бұзылмайтын бірлік керек.
А. ҚАРАСАЙ
Фото: janalyq.kz