Мектепішілік рухани-танымдық «Шәкірт ойы» газеті жарық көрді
№220 орта мектебіміздің «Медиа және журналистика мектебі» жобасы аясында ауданымызда тұңғыш рет мұғалімдер мен оқушыларға, ата-аналарға арналған мектепішілік рухани-танымдық «Шәкірт ойы» газеті жарық көрді.
Мектеп қабырғасында газет шығару ісі – ұлт тарихындағы елеулі істердің бірі еді. Олай дейтініміз, осыдан бір ғасыр бұрын Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытұлы сында алаш арыстары да мектеп, медресе, семинария қабырғасында жүріп, шәкірттер үшін, қалың оқырман үшін газет шығарған еді.
Біз де сол игі істің жалғасындай болсын деп тәй-тәй басқан алғашқы газетіміздің алғашқы санын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен тұспа-тұс шығардық. Көктемнің лебіндей болған жақсы жаңалығымыз құтты, берекелі болсын!
Газетіміз білім мен ғылымға, мәдениет пен өркениетке қатысты елең еткізер жаңалықтарды ұсынып отырады.
Мақсатымыз — оқушылар мен мұғалімдердің шығармашылық қабілетін шыңдап, тіл мәртебесін көтеру.
Газет айына бір рет жарық көреді. Әр ай сайынғы саны арқылы оқырман үшін пайдасы мол дүниелермен қауышып отырасыздар деп үміттенеміз! Бізбен бірге болыңыздар! «Шәкірт ойы» шарықтай берсін!
Дархан АМАНЖОЛОВ,
№220 орта мектептің мұғалімі