Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Киікті қорғауда қырағылық тоқтамайды

Киікті қорғауда қырағылық тоқтамайды

Қазақ танымындағы киіктің киелі екенін біз талқылап жатпаймыз. Кең далада жүйткігін жануар жайында аңыз да көп, жаратылыс жайлы әңгіме де жетерлік. Тағы бір дерек, киіктің мекені қазақ даласы деседі. Расымен солай. Өйткені, бөкеннің 90 пайыздан астамы біздің республика аймағында тіршілік етеді.Сарыарқа мен Сыр, Торғай мен Орал маңында, кей-кейде Ресейдің Астрахань жеріне дейін өтіп, кейін қайтып келіп отырған.

Бізге белгілі мәлімет, екі мыңыншы жылдардың басында Қазақстанда 23 мың бас киік қалыпты. Содан соң Үкімет оларды қорғау бойынша шара қабылдады. Дұрысы, киіктерді пайдалануға қатысты мораторий енгізілді. Сол қатаң қорғаумен жойылуға аз қалған аңның саны артқан. 20 жылдан астам уақытта олардың саны 2 млн-ға жуықтады. Айтып отырғанымыз былтырғы көрсеткіш. Әрі ешкісінің төлдемеген уақытындағы санақ. Яғни былтыр киік 1 млн, 915 мың бас болатын.

Иә, былтырғы әуе санағы бойынша киік саны үш популяция бойынша 500 мың басқа артқан. Оның ішінде ең көп шоғырланған Орал популяциясындағы саны – 1,13 млн, ал Үстіртте 39700 бас киік. Бетпақдала популяциясындағы киік саны биыл 745 мыңнан асқан. Ал 5 жыл бұрын мұнда небәрі 111 мыңнан асатын.

Айтпақшы, биыл да әдеттегідей «Киік» акциясы өтуде. Жылдағы дәстүрмен 15 сәуір мен 15 мамыр аралығын қамтитын акцияның міндеті – облыс аумағындағы киік пен өзге де аңдардың тыныштығын күзету. Бұған біздің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалынан 30 инспектордан құрылған 14 автокөлік, 6 мобильдік топ жұмылдырылған.

Жалпы киік біздің облыс аумағында да күрт көбейді. Оның себебі, өзге өңірлердегі киік санының артуы. Көп болған соң олар да қоныс ауыстырып, жайылым іздейді. Филиал инспекторларымен қысқы мезгілде қорғау жұмыстарын жүргізу барысында белгілі болғандай, Қызылорда облысының солтүстік-шығыс беткейініндегі «Қарақұм» деп аталатын далалықта 35-50 мың, Түркістан облысының Созақ ауданы аумағында 1000-25000 басқа жуық киіктің қоныс аударғаны байқалған.

Жалпы акцияға келер болсақ, бұл еліміздің 13 облысында ұйымдастырылады. Атап айтсақ, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Жамбыл және Абай облысы мен көршілес өңірлердің іргелес аудандарында жүргізіледі. Аталған облыстарда 430-ға жуық табиғат сақшысымен қатар, екі тікұшақ, 90 жол талғамайтын көлік, арнайы ұшу дрондары, түнде көру құрылғылары пайдаланылуда. Ал Қызылордадағы акция барысында «Қызылорда-Ақтөбе», «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Түркістан» бағытындағы жолдарға мобильдік топтар мен арнайы бекеттер жұмыс істейді.

Былтыр инспекторлар қаскөйлердің 11 қылмыстық әрекетіне тосқауыл болып, істі құқық қорғау органдарына тапсырған еді. Сонымен қатар, 6 әкімшілік құқық бұзу дерегі бойынша анықталуға үлес қосып, табиғатты қорғау заңдылықтарын бұзуды болдырмау үшін жұмыс жүргізген. Жыл басынан бері ҚР Қызыл кітабына енгізілген, сирек кездесетін аң-құстар мен жойылып кету қаупі бар аша тұяқты жануарларды, ақбөкенді қорғау, сақтау барысында 8 қылмыстық, 5 әкімшілік іс анықталды. Құзырлы органдармен барлығы 22 бірлескен іс-шара, 50 үгіт-насихат жұмыстары жүріп, бұл жұмыстар ақпарат құралдарына жарияланды.

Айта кетейік, «Охотзоопром» ӨБ» мекемесімен бірге әр жыл сайын облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциямен бірге табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы, республикалық, облыстық БАҚ өкілдері және өзге де органдармен бірлескен арнайы іс-шара жоспары жасалып, бекітіледі. Осы бойынша табиғат мүлкін арашалау бағытында аталған мекеме қызметкерлерімен бірлескен рейдтер тұрақты жүруде. Мысалы, өткен жылы 92 бірлескен іс-шара жүргізіліп, жоғарыда айтылған құзырлы органдармен бірге табиғат қорғау шаралары жүрген еді

Сонымен қатар, былтыр 225 үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде газет пен интернет ресурстарда 12 мақала, телерналарда 7 сұқбат ұйымдастырылды.

Ескеретін нәрсе, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2022 жылы желтоқсан айында бұйрық шығарды. Онда айтылғандай, ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде республиканың бүкіл аумағындағы киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға қатысты мораторийді ғылыми негіздемеге сәйкес 2024 жылға дейін ұзартқан. Демек, киік әлі де мемлекет қорғауында деген сөз.

Е.ЕСЕМБЕКОВ,
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік
филиалының басшысының орынбасары

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: egemen.kz
29 сәуір 2024 ж. 185 0