Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда жұмыссыздық мәселесі оң шешімін тауып келеді

Аралда жұмыссыздық мәселесі оң шешімін тауып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» Үндеуінде жастардың жұмыссыздығын басты назарға алды. Мемлекет басшысы: «Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді» деп баса айтқан болатын.

Қазіргі кезде белгілі бір маман иесі атанып, жұмыссыз отырған жастар жетерлік. Иә, кімнен болмасын сұрай қалсаңыз, дипломы бар бірақ жұмыссыз маман. Бұрындары «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш боламын деп ойламайды» демекші, мемлекетіміздегі әлеуметтік ахуалдың сын көтермейтіні жасырын емес. Азық-түліктің сәт сайын қымбаттауы, күнделікті жүрістің өзіне біршама қаражаттың қалтамыздан қалай кетіп қалғанын да аңғармай қаламыз. Тіпті табысының өзі күнделікті шай-пұлынан ауыспайтын отбасылар да жетерлік. «Мұның қасында жұмыссыз жүрген жандар қалай күн көріп жүр?» деген сауал еріксіз ойға келеді.

Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «Жаңа Қазақстанды» құрудың негізгі қадамы ең алдымен кедейшілік пен жұмыссыздықты жоюдан бастау алуы тиіс екені анық.

–Азаматтардың əл-ауқаты жəне əлеуметтік көңіл-күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көп¬теген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, əлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Бұл – əлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын əзірлеу қажет. Жұмыс нақты əрі əрбір азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың əр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет,–деген болатын Президент.

Сонымен бірге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Арал ауданында тиісті шаралар атқарылып келеді. Өткен жылы жұмыссыздық деңгейі 5,0% құраған. Соынмен бірге былтырғы экономикалық белсенді халық саны 29 778 адам, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 28 277 адам. Жұмыс іздеуші ретінде орталыққа хабарласқан 3144 адамның1578-і жұмыспен қамтылса, оның 627-і тұрақты. Сондай-ақ өткен жыл көлемінде 3000 жаңа жұмыс орнын құру межеленіп, оның 52 пайызы орындалды. Былтырғы жыл басынан бері 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген екен.

–Шыны керек қазір қара жұмыс істегісі келетін жандар өте аз. Көбісіне табысы жақсы, өзіне көп күш түсірмейтін жұмыс керек. Негізі елімізде жұмыссыздықтың алдын алу бойынша түрлі бағдарламалар қарастырылған. Мәселен, мемлекет тарапынан «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба қабылданғаны барлығымызға белгілі. Атаулы жобаның бірінші бағыты бойынша кәсіпкерлікке белсенділікті арттыру мақсаты көзделген. Оның міндетіне өз ісін ашу және дамыту үшін барынша жағдай жасалады. Міне, «жұмысым жоқ» дейтін жандар өзінің сүйікті ісі арқылы кәсіп ашып, табыс таба алады,–дейді қала тұрғыны М.Олжабаев.

Жұмыссыздықтың басты себептерінің бірі жастардың оқыған мамандықтарына сай жұмыс орындарының аз болуы секілді. Тіпті жұмыс көзі мүлде табылмайтын мамандық иесі атанған жастардың өкінішін де көріп жүрміз. Сол үшін өмірдегі маңызды қадамдардың бірін жасамас бұрын болашақты ойлағанымыз жөн. Ал мемлекет тарапынан жұмыссыздықтың алдын алу үшін барынша мүмкіндіктер қарастырылып, жұмыстар атқарыла бермек.

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
Фото: tirshilik-tynysy.kz
02 мамыр 2024 ж. 250 0