Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қала тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі қала тұрғындарымен кездесті

Кеше З. Шүкіров атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Арал қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуде инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Баршаңызды алдымен алдағы Отан қорғаушылар күні мерекесімен және Жеңіс күнімен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, аудан көлемінде ауқымды жобалар жыл сайын жүзеге асуда. Қаланың өзекті мәселелерін сала басшыларымен бірге аралап, таныстым. Биылғы жылы да жасалатын жұмыстар жетерлік. Бүгінде аудан орталығынан құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын аспалы көпір құрылысы жалғасып, үстіміздегі жылдың күз айында пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында  7 көшенің автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Сондай-ақ, Бақтыбай батыр көшесі толықтай жөндеуден өтпек. Одан бөлек, жақын күндері өткен аудандық мәслихат сессиясының отырысында аудан орталығынан қосымша 20 көшеге тас жол төсеуге қаражат бөлінді. Білім саласында да іргелі жобалар іске асуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде ауданымызда 4 бірдей мектеп пайдаланылуға беріледі. Оның ішінде, қаламыздағы «Арай» мөлтек ауданынан және Сексеуіл кентінен салынып жатқан білім ұялары биылғы оқу жылында пайдаланылуға берілетін болса, келесі оқу жылында тағы 2 мектеп жаңа №5 мөлтек ауданында және Жақсықылыш кентінде табысталатын болады. Денсаулық саласында да үміт күтіп отырған жобаларымыз бар. Үстіміздегі жылы қаламыздың «Шанхай» шағын ауданынан 200 орындық жаңа емхана салынады деп жоспарлануда. «Қамқорлық» орталығына 1,2 млрд. теңге қаржыға ерекше балаларымыздың еміне қажетті жаңа қондырғылар алынбақ. Инвестициялық жобаларда шет қалып жатқан жоқ.

Бүгін Түркия мемлекетінен арнайы инвестор келіп, ылғал майлықтар өндіру цехын салу жобасын іске асыратынын жеткізді. Оған қоса, өңірімізге қажетті жобаларды іске асыру үшін қосымша инвестор көзін тарту мақсатында қолдау болатынын айтты. Біз үшін бұл жақсы мүмкіндіктердің бірі. Міне, атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы осындай. Ел Президенті атап өткендей, Қазақстан халқының ертеңін еңселі, болашағын баянды, келешегін кемел ету біздер үшін зор абырой. Өйткені халық сенімінен артық баға жоқ. Атқарған жұмыстарымыздан, алда атқарар  шаруаларымыз жеткілікті»-деді, аудан әкімі.
Басқосуда тұрғындар тарапынан аяқ су, кәріз жүйесін салу, түнгі жарықтандыру мен спорт алаңдарын салу сынды бірқатар мәселелер айтылды. Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы тұрғындар көтерген мәселелерді саралап, соған сәйкес тиісті шешімдер қабылданып, жұмыстар реттілігіне сай атқарылатындығын жеткізді.
Кездесуден соң, аудан әкімі қала тұрғындарын жекелеген мәселелер бойынша қабылдады.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
07 мамыр 2024 ж. 219 0