Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыр есімі ұлықталды

Батыр есімі ұлықталды

Аудандық орталық кітапханада 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының батыры Мақаш Балмағанбетовтың туғанына 110 жыл толуына орай батырдың өмірі мен ерлік жолы туралы мағұлмат бере отырып, оқырмандарды адамгершілікке, Отанын сүюге, өз елін қастерлеуге баулу мақсатында «Ер есімі – ел есінде» атты таным сағаты өткізілді.
Шара барысында батырдың өмірі мен майдан даласында көрсеткен ерлік жолы бейнебаян арқылы таныстырылып, батырлық, азаматтық келбеті, болмыс-бітімі, елге сіңірген еңбегі туралы оқырмандарға кең көлемде мағлұматтар берілді. Мақаш батырдың зерттеп жүрген зерттеуші, өлкетанушы  жерлесіміз Тәңірберген Дәрменов бейне ролик арқылы Мақаш Балмағанбетов туралы тақырыптың ұзақ жылдар құпия болғандығын, сонау ашаршылық жылдары 1931 жылы, жер ауып Қарақалпақстанға кеткендігін, көршілес Өзбектер, Қарақалпақтар өздерінің ұлттық патриоты ретінде ұстап келгендігін, осыған байланысты кейін зерттеу барысында Арал ауданы, Аманөткел ауылының, Қарадөң елді мекенінде туылғаны туралы айтып, ерекше қасиетке ие батыр туралы тың деректермен бөлісті.
Иә, осындай жанның ерлігі мен өмірі кейінгі ұрпаққа да сабақ болуы қажет. Сол себепті Мақаш Балмағамбетовтің өмірдерегі жайлы да айта кеткен дұрыс болар. Ол 1914 жылы 29 қыркүйекте Қазалы ауданындағы №17 ауылда, малшының отбасында дүниеге келген. Малшының шаңырағында өссе де, хат танып, 4 сыныпты бастауыш мектепті бітіріп шығады. Кейіннен өзінің туған колхозында есепші, техник болып жұмыс істейді. Қазалы ауданы дегенге түсінбей қалуымыз мүмкін. Бірақ өткен ғасырдан тарихқа белгілі, адамдардың өміріне қатысты дереккөзінің барлығында да кешегі №17 ауыл – бүгінгі Аманөткел екені көрсетіліп келеді. Ал Қарадөң – Аманөткелге іргелес жатқан қоныс.
Жасы 30-ға таяған шағында, 1943 жылы Қараөзек аудандық әскери комиссиартынан майданға шақырылып, 1943 жылдың наурызынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1943 жылғы 25 қыркүйекте гвардия сержанты Мақаш Балмағамбетовтың басшылығымен жеке оқу батальонның 2-ші рота бөлімшесі алғашқы болып, Украинаның Днепропетровск облысының Жоғарғы Днепр ауданы Бородеевка кентінің маңындағы Днепр өзенінен жылдам өтіп, гитлерлік пулеметшілермен қанды шайқасқа түседі. Бір күнде сержант Балмағамбетовке сеніп тапсырылған бөлімше атқыштар ротасының басқа бөлімшелерінің өткелден өтіп кетуін қамтамасыз ете отырып, қарсыластың 3 бірдей қарсы шабуылына тойтарыс берді. Ал түнгі шабуылдар кезінде жауынгерлер Бородаевка кентінің шетіне шабуылдап, қосымша күш келгенге дейін өздері басып алған шабуыл шебін ұстап қалды.1943 жылдың 28 қыркүйегінде жарым түнде сержант Балмағамбетов жаудың бірнеше атыс орны тұрған үйді жарып жібереді. Соның арқасында батальон алға жылжып, ауылды басып ала алды.
Бұл ерлігі үшін Балмағамбетов жоғары марапатқа ие болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 ақпандағы қаулысымен фашистік-неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны және ерлік пен қаһармандық танытқаны үшін гвардия сержанты Мақаш Балмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалі тағылады. 73 гвардиялық дивизиясының ту ұстаушысы жайлы мұндай құнды деректерді ауданға белгілі азамат, әкімшілік аппаратында басшылық қызмет атқарған, сонымен қатар мәдениет саласында да лауазымдық қызметте болып, қазіргі таңда еткен еңбегінің зейнетін көріп отырған  Т.Дәрменов бөлісіп, өз пікірін білдірді.
Шарада мұнан бөлек кітапхана қызметкерлері аралдық азамат, ақын Серік Жаңабаевтың М.Балмағанбетовке арнаған «Ақсұңқар құстың түлегі» өлеңін оқыды. Кеш соңында «Айдынды Аралдың мақтанышы» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.
Ж.Төлегенова,
аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы

09 мамыр 2024 ж. 204 0