Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтар Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алды

Аралдықтар Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алды

Кеше аудан орталығында 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай Ұлы отан соғысы құрбандарын еске алу шарасы өтті.
«Тағзым» алаңына жиналған қауым ел қорғаған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, боздақтар рухына арнап Құран бағыштады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
«Бұл мереке – еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Қазіргі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да – осынау мерекенің жемісі. Осынау қастерлі күні өз өмірлерін құрбан етіп, шейіт болған ерлердің аруақтары алдында терең ілтипат сезіммен бас иеміз. Әкелеріміздің рухы шат болсын! Адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын!»-деп ізгі лебізін білдірді.
Шара соңында сұрапыл соғыста елі үшін от кешіп, майдан даласында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш тақта мен Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
10 мамыр 2024 ж. 320 0