Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Экологиялық акция аясында көлдер тазартылды

Экологиялық акция аясында көлдер тазартылды

Еліміз бойынша жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстары Арал ауданында да жалғасын тапты. Шара барысында аудан аумағындағы су айдындары, бұлақтар мен каналдарға санитарлық тазалық жасалды.Және олардың аумағын көркейтіп, көгалдандыру да назардан тыс қалмады.
Тазалық шарасына аудан тұрғындарымен қатар барлық мекеме, кәсіпорын ұжымдары қызметкерлері түгелдей атсалысып, қоршаған ортаны көркейтуге үлес қосты.Сондай-ақ сенбілік барлық ауылдық округтер мен елді мекендерде ұйымдастырылуда.
Қамыстыбас ауылдық округіне қарасты «Аққұмшық» жағажайында тұрмыстық қалдықтар жиналып, шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілді. Қамбаш көлі кезінде жабайы жағажай болған еді. Соңғы жылдары кәсіпкерлік нысандар салынып, демалушыларға барынша жағдай жасалуда. Көлдің суы шипалы және күре жолдың бойында орналасқан. Мұнда елімізден бөлек шетелдіктер де келіп демалатындар бар. Сондықтан ең бірінші тазалықпен қызмет көрсету сапасын жақсарту керек.
– Жалпы, тазалық акциясы бірнеше бағытқа бөлінген. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында Арал ауданындағы көлдер жүйесі, барлық су айдындарында осындай тазалық акциялары ұйымдастырылып жатыр. Қамбаш көлі аудандағы ең ірі көл. Бірінші маусымнан бастап шомылу кезеңі ашылатын болады. Бұл жан жақтан келуші туристерге дайындық жұмыстары деп есептеймін, - дейді аудан әкімнің орынбасары Бектемір Жұмағұлов.
Жағажайдағы тазалық шарасына Қамтыстыбас ауылдық округіндегі мекеме қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылды. Олар көлдің маңайындағы күл-қоқыстарды жинап, арнайы жүк көлігіне тиеді. Мұнан соң сенбілік жұмыстары Ақшатау көлдер жүйесі мен «Кәрібөгет» көпірінің маңайында жалғасты. Табиғат қорғаушылар су айдындарын тазартып, балықшылардан қалған ау құралдары мен пластамасса ыдыстарды теріп, арнайы орынға апарды.
Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған республикалық экологиялық акцияның «Мөлдір бұлақ» апталығы қорытындыланды.
Атап өтейік, бүгінге дейін акция аясында тазалық жұмыстарына аудан бойынша 405 мекемеден 3500 адам үлес қосты. Қоқыс жинауға 27 арнайы техника тартылды. Тазалық шаралары барысында 700 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
«Толқын» ақпарат
14 мамыр 2024 ж. 165 0