Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалардың шаттық мерекесі тойланды

Балалардың шаттық мерекесі тойланды

Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балықшылар» аллеясында мерекелік салтанатты іс-шараға өтті.
Шараға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Кете-Төле би Бержанов бүлдіршіндерді бүгінгі бал мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін арнады.
Кең көлемде ұйымдастырылған мерекелік шарада аудандық оқушылар үйінің талантты балалары ән мен жырдан шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.
Шарада жас бүлдіршіндерден құралған би топтарының бұрала билеген билері мен балабақшаның бал тілді балапандарының риясыз көңілден шыққан өнерлері көпшілікті ерекше қуанышқа бөледі.
Балғын балапандардың қуанышына арналып, аллеяда түрлі отбасылық спорттық сайыстар ұйымдастырылып, мектеп оқушылары арасында суретшілер байқауы өтті. Жас өрендердің арман-қиялдарынан туындаған шығармашылық жұмыстары келушілерге шаттық көңіл-күй сыйлады.  
Сонымен қоса, балалар арасында ұлттық спорт түрлері жарыстар өткізіліп, жеңімпаз және жүлдегер атанған оқушыларға марапаттар табысталды.
Айта кетейік, бүгінгі мереке қарсаңында балаларға аудандық мәдениет үйінде көркем фильм көрсетілімі мен «Балықшылар», «Тарихи-өлкетану» мұражайларына және «Ә. Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне» тегін кіру қарастырылған.

"Толқын" ақпарат
01 маусым 2024 ж. 185 0