Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан прокуроры 5 ай көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндады

Аудан прокуроры 5 ай көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндады

Аудан прокуроры Бекпанов Мадияр Ертарғынұлы 2024 жылдың 5 айында аудан көлемінде құқық бұзушылық профилактикасы саласында атқарылған жұмыстар туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз брифингін өткізді.
Аталған мерзімде жалпы тіркелген қылмыстар алдыңғы жылмен салыстырғанда бір деңгейде қалыптасқан.
Қылмыстарды төмендету мақсатында аудан көлемінде құзырлы және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп күнделікті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Білім беру ұйымдарында білім алушылар мен олардың ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, осы тектес түрлі шаралар өткізілген.
Мәселен, аудандық прокуратураның бастамасымен қоғамдық кеңес, жергілікті атқарушы органдар мен аудандағы мейрамхана, тойхана, кафе меңгерушілері (жеке кәсіпкерлер) арасындағы өзара келісім орнату жөніндегі меморандум жасалып, мейрамхана және тойханалардың уақытын сағат 00:00-ге дейін, ал, кафелер мен кешкі мезгілде ұйымдастырылатын шараларды сағат 01:00-ге дейін өткізу туралы шешім қабылданды.
Ауданда алаяқтық қылмыстары (5-тен 9-ға) өсім алған.
Аудан прокурорының алаяқтықтан сақтану жолдары бойынша «Толқын» газетіне және аудандық прокуратура, әкімдік пен полиция бөлімінің «Facebook» ресми парақшаларында мақалалар мен видеороликтер үнемі шығып, жадынамалар таратылуда. Бұдан бөлек «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» тақырыбында Арал аудандық ардагерлер кеңесі және аудандық әйелдер кеңесінің қатысуымен аудандық полиция бөлімінде әкімшілік құқық бұзушылықтар жасап, қорғау нұсқамалары тағайындалған азаматтармен кездесу өткізіп, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық прокуратура және жергілікті атқару органдарымен бірлесіп әзірленген бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желілерде, Арал қаласында орналасқан LED-экрандарда жарияланып, қаланың негізгі көшелеріне билбордтар ілінген.
Профилактикалық есепте тұрған тұлғалардың мекенжайлары ұдайы араланып, түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жүзеге асырылған қадағалаудың нәтижесінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы орын алмаған.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ауданда қылмыстық істердің 100% электронды форматта тергелуі қамтамасыз етілген.
Сонымен бірге, әлеуметтік-экономикалық салада атқарылған қадағалау жұмыстарының нәтижесінде ағымдағы жылдың 5 айында 17 тексеру жүргізіліп, тексеру қорытындысымен 32 ұсыну және 2 наразылық енгізілген.
Олардың қаралу қорытындысымен 88 тұлғаға тәртіптік, 265 тұлғаға әкімшілік шаралар көрілген. 13 млн теңге әкімшілік айыппұл өндіріліп, 40 млн теңгенің мүлкі мемлекетке кері қайтарылған.
Жыл басынан бері 15 мыңнан астам кәсіпкерлердің және азаматтардың құқықтары қорғалған.
Прокурордың ықпал ету актісімен 7 млн. теңге мемлекет бюджетіне өндірілсе, аудандық прокуратурамен жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде ауылдық клубтың бірінде мемлекет қаражаты жымқырылғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша ҚК-тің 189-бабының 2-бөлігі 3-тармағымен қылмыстық іс тіркеліп, айыптау үкімі шықты. Мемлекетке келген шығын өндірілетін болады.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында үнемі кездесулер жүргізілуде. Сонымен қатар ауданда жүргізіліп жатқан инвестициялық жобаларға сүйемелдеу көрсетілуде.
Бір инвесторға құқықтық қолдау көрсетіліп, инвестор тарапынан алғыс білдірілген.
Сондай-ақ, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен ауыл шаруашылық мақсатындағы пайдаланылмай жатырған құны 39 млн теңге болатын 6490 га жер учаскелері мемлекеттік жер қорына қайтарылды және аталған жерлер басқа шаруаларға табысталуда.
Аудандық прокуратурамен алимент төлеуден қасақана жалтарған екі борышкерге қатысты ҚК-тің 139-бабымен қылмыстық істер тіркеліп, жүргізілген тергеп-тексеру нәтижесімен істер сотқа жолданып, үкім қабылданған.
Бұдан бөлек, алимент төлемеген 8 борышкерге қатысты әкімшілік іс қозғалып, тиісті жауапкершілікке тартылған.
«Аудандық прокуратурамен аймағымызда заңдылықтың үстемділігін, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын және құқық бұзушылықпен күресуді қамтамасыз етуде жоғарғы қадағалауды жүзеге асыруға байланысты жұмыстар жалғасын табатын болады.» -деп аудан прокуроры сөзін қорытындылады.

"Толқын" ақпарат
19 маусым 2024 ж. 162 0